Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елбасы Шавкат Мирзиёевпен кездесті

2021 жылдың 6 желтоқсан 2021 19:03

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елбасы Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті, деп хабарлайды elbasy.kz сайты.

Нұрсұлтан Назарбаев Шавкат Мирзиёевті өткен президент сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтап, бауырлас Өзбекстан халқының игілігі жолындағы жасампаз қызметіне жаңа табыстар тіледі.

«Сайлауалды науқан барысында Сіз ұсынған «Жаңа Өзбекстан» стратегиялық бағдарламасында нақты мақсаттар мен міндеттер айқындалған. Халық мемлекеттің қай бағытта дамып келе жатқанын біліп отыруға тиіс. Кезінде мен де «Қазақстан – 2030» Стратегиясын, кейін еліміздің 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасын ұсынған едім. Мен мемлекет басшысы лауазымында болған жылдары әрдайым біздің елдеріміз арасындағы екіжақты байланыстарды дамытуға баса мән бердім. Сіз мұны жақсы білесіз», – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.




Елбасы бүгін екі ел басшылары қол қойған Одақтастық байланыстар туралы декларацияның маңызына тоқталып, Қазақстан мен Өзбекстан қатынастарының жаңа парағы ашылғанын атап өтті.

«Бізді ортақ тарихымыз, мәдениетіміз бен салт-дәстүріміз байланыстырады. Елдеріміздің арасындағы достық қарым-қатынастың маңызы зор. Ол туындаған мәселелерді шешуге септігін тигізеді. Өзіңізге мәлім, мен өңіріміздегі бес мемлекетті экономикалық кеңеске біріктіруге тырыстым. Сол үшін Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік кеңесін құруды ұсындым. Осы бастаманы қолдағаныңыз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде Ш.Мирзиёев Қазақстанның барлық жетістіктеріне Тұңғыш Президенттің салиқалы саясатының арқасында қол жеткізілгенін айтты. Сонымен қатар Елбасының Қазақстан-Өзбекстан стратегиялық ынтымақтастық қатынастарының қалыптасуы мен дамуына қосқан сүбелі үлесіне баса мән берді.

« Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Сіз қазіргі қарым-қатынасымыздың негізін қаладыңыз. Елдеріміз арасында әрдайым ашық әрі сенімді байланыс болсын дедіңіз. Соңғы бес жылда осы бағытта серпіліс бар екенін байқап отырмыз. Сізбен бірге жұмыс істей бастаған кезде Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы 317 миллион доллар болатын, қазір ол 4,5 миллиард доллардан асады. Бүгін Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен алдымызға бұл көрсеткішті үш-төрт жылда 10 миллиард долларға жеткізу туралы маңызды мақсат қойдық», – деді Өзбекстан Президенті.







Жоғары қарай