Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Елбасы «Самұрық-Қазына» компанияларын жекешелендіруге қатысты айтты

2020 жылдың 5 маусым 2020 00:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының компанияларын жекешелендіру жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлемдік дағдарыс кезінде энергия ресурстарының бағасы құбылмалы болғандықтан жекешелендіру бойынша бұған дейін қабылданған жоспарларды қайта бейімдеп, түзету қажет. Біз «ҚазАтомПром» акцияларының 25% жекешелендіріп, инвесторлардың сеніміне ие болдық», - деп атап өтті Н. Назарбаев «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің отырысында.

Тұңғыш Президент кей компанияларды жекешелендіру мәселелеріне ерекше тоқталды.

«Қазпошта» қызметінің ерекшелігіне байланысты компанияны стратегиялық инвесторға тікелей атаулы сатқан абзал. Мұны да Үкіметпен бірге анықтап, бұл мәселеге байыппен қарау керек. «Самұрық-Энергоны» жекешелендіру мәселесін мемлекетке тиімді болатын жағдайда қарастыру керек. Және бұл анық әрі түсінікті болуы тиіс», - деді Н. Назарбаев.

Ал «Қазақтелекомды» жекешелендіру бойынша Елбасы оның 10 пайызын «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына» сатуды қолдады. Бұл – азаматтарымыздың компания акционері болуға, ал Қордың басты акционер ретінде қалуына мүмкіндік береді.

«Ал қалған компаниялар бойынша әлемдегі жағдайды ескеріп, оларды қайта қарап, жекешелендіру бойынша жоспарды, стратегиялық активтерді Қорға қолайлы кезеңге дейін кейінге қалдыру қажет. Осыған байланысты Қорға Үкіметпен бірлесіп, жекешелендірудің кешенді жоспарын, «Самұрық-Қазынаны» әртараптандыру бағдарламасын қайта қарауды тапсырамын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Еске салайық, бұған дейін «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ «Қазақтелеком» АҚ-ның 10 пайыз акциясын сатып алатынын, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ға қарасты «Қазпошта» АҚ сатылатынын, Нұрсұлтан Назарбаев «ҚазМұнайГаз» компаниясын қайта құруды тапсырғанын жаздық.





Жоғары қарай