Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елбасы Қазақстаның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы жайында пікір білдірді

2021 жылдың 19 ақпан 2021 16:37

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «ЕҚЫҰ-ның Астана саммиті 2010: Тарихи мәні мен өзектілігі» атты халықаралық онлайн конференцияға қатысушыларға құттықтау жолдады. Құттықтауды Елбасының кеңесшісі – ҚР Тұңғыш Президенті кеңсесі Ақпараттық-сараптамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Әділ Тұрсынов оқып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астана қаласында 2010 жылғы желтоқсанда өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы саммитінің 10 жылдығына арналған халықаралық конференцияның қатысушыларына ыстық ықыласымды білдіремін. Аталған жоғары деңгейдегі кездесу Еуропа, Орталық Азия және Солтүстік Америкадағы 57 мемлекетті біріктіретін ірі әрі маңызды трансқұрлықтық ұйым ЕҚЫҰ-дағы Қазақстан Республикасы төрағалығының аса айтулы оқиғаларының бірі болды. Өздеріңіз білетіндей, Ұлы дала елі посткеңестік кеңістікте ЕҚЫҰ-ны басқару мәртебесіне ие болған алғашқы мемлекет», - деді ҚР Тұңғыш Президенті.

Елбасы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына өтінім беру ісін ілгерілетумен тікелей өзі айналысқанын баса атап өтеді.

«Ең алдымен, ұйым рөліне байыпты талдау жүргізіп, оның болашағын сомдау үшін біздің елдің халықаралық аренадағы жауапты әрі бейбітсүйгіш саясаты арқылы ортақ жағдай жасай алатын қабілетін ескердім. Екіншіден, ЕҚЫҰ-дағы төрағалық сол уақыттың өзінде елеулі жетістіктерге қол жеткізіп үлгерген Қазақстанды демократиялық және экономикалық тұрғыдан одан әрі жаңғыртуға жаңа серпін беретіндігін ойладым. Үшіншіден, ұйымға басшылық еткен жылы біздің қызметіміз зор символдық маңызға ие болды. 35 жыл бұрын ЕҚЫҰ-ның негізін қалаған құжат Хельсинки қорытынды актісіне және 20 жыл бұрын жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясына қол қойылды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

ҚР Тұңғыш Президенті осы жайттар ескеріліп, төрт «Т» - Сенім (Trust), Дәстүр (Tradіtіon), Ашықтық (Transparency), Төзімділік (Tolerance) Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының ұранына айналғанын атап өтті.

«Меніңше, 2010 жылы біздің ел ұйымның барлық негізгі үш өлшемі – әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық өлшемдері бойынша белсенді әрі үйлестірілген жұмыс жүргізуге бағытталған өз қызметінің бағдарламасын табысты іске асырды», - деді Елбасы.


Жоғары қарай