Ауа райы
Астана 25 °С
Алматы 32 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Елбасы ERG компаниясының 25 жылдығына арналған шараға қатысты

2019 жылдың 12 желтоқсан 2019 23:42

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Елбасы ERG компаниясының 25 жылдығына арналған салтанатты шараға қатысты. Бұл туралы ҚазАқпарат elbasy.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық топ құрамындағы кәсіпорындар ұжымын компанияның 25 жылдығымен құттықтады.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті компанияның даму жолы ел тәуелсіздігінің нығаюымен тығыз байланысты екенін атап өтті.

Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміздегі кәсіпорындардың басынан өткерген қиындықтары туралы айтты.

- 1994 жылы күрделі жағдайда тұрған кәсіпорындар бүгінгі күні аяғына нық тұрды. Компаниялар тобы 150 мыңнан астам жұмыс орнын беріп отыр. ERG өндірісті дамыту және кеңейту үшін 13 миллиард доллар инвестиция салды, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Қазақстанның Тұңғыш Президенті әлеуметтік жобаларды іске асыру бағытындағы Еуразиялық топтың қызметін оң бағалады.

- Сіздер әлеуметтік бағдарламаларды да жүзеге асырып жатырсыздар. Тұрғын үй, мектептер, ауруханалар, спорт нысандары және басқа да инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асуда, - деді Елбасы.




Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық сын-қатерлерге тоқталып, одан әрі даму үшін қазақстандық кәсіпорындарға жаңа шешімдер қажет екенін атап өтті.

- Өмір орнында тұрмайды. Барлығы алға жылжуда. Біз цифрлық экономика дәуіріне аяқ басып келеміз. Жасанды интеллект барлық жерде енгізіліп жатыр. Мұның бәрі бәсекеге қабілеттілікті сақтау үшін озық тәжірибе іздеуді талап етеді, - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Елбасы ERG компаниясының мыңдаған қызметкерлеріне оның саясатын қолдағаны үшін алғыс айтты.

- Барлығымыз еліміздің өркендеуі үшін қызмет етеміз. Елді болашақ ұрпақ үшін дамытамыз. Өйткені, тәуелсіздікті жариялау - бір бөлек, ал оны сақтап қалу мүлдем бөлек мәселе. Ол үшін біз экономиканы дамытуымыз керек. Бұл жолда Еуразиялық топтың жұмысшылары лайықты үлес қосып келеді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сөз соңында Қазақстанның Тұңғыш Президенті компанияның барлық қызметкерлерін тағы да құттықтап, оларға сәттілік пен табыс тіледі.




Жоғары қарай