Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Эконом-класпен қатынаймыз - Қаржы министрі іссапар шығындары туралы

2022 жылдың 19 мамыр 2022 12:51

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мемлекеттік қызметкерлердің іссапар шығындары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ең алдымен, іссапар шығындары әрбір мемлекеттік органда жеке қарастырылады. Бұл жөнінде «іссапар шығындары» атты арнайы бап бар. Әрқайсысының шығындары әртүрлі, сондықтан мұнда белгілі бір тұрақты мән жоқ. Себебі, барлығы осы мемлекеттік органда қанша адам жұмыс істейтініне және олардың функционалдығы іссапар процесіне қаншалықты жиі баратынына байланысты. Ұшақпен ұшуды да бірнеше опцияға бөлу керек. Егер бұл жұмыспен, тікелей іссапармен байланысты ұшу болса, заң бойынша барлық мемлекеттік қызметшінің емес, саяси қызметкерлердің ұшу ақысы өтеледі. Онда да тек эконом-класс үшін ақы төленеді», - деп жауап берді Қаржы министрі Сенат отырысынан кейін тілшілер сұрағына.

Министр жеке сапарларға қатысты еш шектеу жоғын, яғни Қазақстанның кез келген азаматы көліктің кез келген түрін пайдалануға құқылы екенін айтты.

«Бұл - конституциялық норма, мұнда ешқандай шектеу жоқ. Егер сіз отбасыңызбен қандай да бір елге немесе ел ішінде демалуға барсаңыз, кез келген көлік түрін, соның ішінде эконом-класты да, мүмкіндік болса бизнес-класты да қолдана аласыз», - деді ол.

Вице-премьердің айтуынша, литерлік арнайы ұшақпен ұшуға барлығына бірдей рұқсат етілмеген.

«Онда да белгілі бір шарттар жазылған. Қазір нақты опцияларды айта алмаймын, бұл қызметтік сапарлардың қажеттілігіне байланысты, содан кейін Премьер-Министрдің, ел басшылығының рұқсаты қажет болады. Өзіме тоқталсам, жеке ұшақты пайдаланбаймын. Бірақ, қазір Мемлекет басшысының әрбір министрдің өңірлерге шығып, халықпен кездесуі керек деген тапсырмасы бар. Біз негізінен эконом-класты қолданамыз. Бірақ менің сапарым жиі бола бермейді. Жыл басында Түркістан облысына барып, Алматы облысына эконом-класпен ұшқанмын. Сондықтан, қазір қанша қаражат кеткені есімде жоқ, бізде бюджет заңнамаға сәйкес қалыптастырылады», - деді Ерұлан Жамаубаев.


Жоғары қарай