Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 28 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Экология вице-министрі Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келді

2019 жылдың 18 қазан 2019 16:07

МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Мақтаарал ауданына еліміздің ҚР Экология, геология және табиғи ресурстарды пайдалану вице-министрі Сергей Громов пен аталмыш министрліктің Су ресурстары комитетінің төрағасы Арман Тұрлыбек жұмыс сапарымен келді. Олар шалғай аудандағы жалпы құны 39 миллиард теңгені құрайтын ПУИД-2 жобасының жұмыс барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.




Мақтаарал ауданында ПУИД-2 жобасы жалпы 39796 гектар аумақты қамтып, 3 кезең бойынша жүргізілуде. Жоба аясында 223 канал, 208 су қашыртқы жүйесі, 149 тік дренаж күрделі жөндеуден өтіп, қайта қалпына келтірілетін болады. Жобаның І кезеңі бойынша әзербайжандық «Акелик Груп» компаниясы құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Компанияның директоры Илхам Мамедов пен жоба жетекшісі Павел Грасмик жалпы құрылыс жұмыстары 30 айға жоспарланғанын атап өтті.




Алғашқы кезең аясында Еңбекші және Жаңажол ауылдық округтеріне қарасты ұзындығы 147,18 шақырымды құрайтын К-11, К-13, К-13А каналдары тармақтарымен бірге, 49 дана тік дренаж бен ұзындығы 191,6 шақырымды құрайтын су қашыртқы жүйелері күрделі жөндеуден өтетін болады. Сондай-ақ, аудан орталығы Мырзакент кентіндегі 4 дана тік дренаждарын жөндеу де қамтылмақшы. Жоба жүзеге асқанда Еңбекші ауылдық округінің 5350 гектары, Жаңажол ауылдық округінің 2650 гектары және Мырзакент кентінің 8000 гектар аумағы жерасты суларынан тазаратын болады.




Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 7,2 шақырымды құрайтын бірнеше каналда құрылыс жұмыстары жүргізіліп, толықтай аяқталған. Сондай-ақ, дәл осы кезең аясында 44 бірлікті құрайтын желілік құрылғылар орнатылып, 16 дана бақылау ұңғымаларына да құрылыс жұмыстары жасалған.




«Акелик Груп» компаниясының басшысы қазіргі уақытта ұзындығы 10,78 шақырымды құрайтын 6 каналда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Иіржар ауылдық округінің 7581 гектары, Бірлік ауылдық округінің 4575 гектары және Жамбыл ауылдық округінің 4291 гектар алқабын жер асты суларынан тазарту ІІ кезең бойынша іске асырылуда. Ол үшін ирандық «Туннель Саад Ариана» компаниясы құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Компанияның директоры Бабак Новрузи мен жоба жетекшісі Голами Бехман жобаны іске асыру 36 айға жоспарланғанын тілге тиек етіп, вице-министр Сергей Громовқа жұмыс барысы жөнінде есеп берді.




Жалпы ІІ кезеңде 16447 гектар аумақтағы ұзындығы 337,35 шақырымды құрайтын К-16Б, К-18, К-18А каналдары тармақтарымен бірге, 100 дана тік дренаж және 262 шақырымды құрайтын су қашыртқы жүйелері күрделу жөндеуден өтетін болады. Айта кетейік, ПУИД-2 жобасының 3 бірдей кезеңімен танысып шыққан Сергей Громов жобаға жергілікті жерден жұмысшыларды көптеп тарту және жоғары жалақы берілу керектігін атап өтті. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуін үнемі қадағалап тұру үшін аудан әкімі Бақыт Асановқа тапсырма берді.

Жоғары қарай