Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Экология министрі өзен суымен қамтамасыз ету жұмыстары туралы айтты

2021 жылдың 10 маусым 2021 11:58

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев вегетациялық кезеңде өзен суымен қамтамасыз ету жұмыстары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміздің оңтүстік өңірлерінде вегетациялық кезең суы аз циклі жағдайында өтіп жатыр. Осы аймаққа жалпы суармалы судың 97 пайызы тиесілі. Алматы облысы бойынша айтсақ, Іле Алатауының оңтүстік беткейіндегі өзен бассейндерінде жауын-шашын нормадан 39 пайызға төмен. Таулардағы қар қоры нормадан бестен қырық екі пайызға дейін төмен. Шағын және орта су қоймаларының толымдылығы вегетациялық кезеңнің басында шамамен 75-80% құрады», - деді М. Мырзағалиев Үкімет отырысында.

Сонымен қатар ол Жамбыл облысы бойынша жағдайға тоқталды. Шу және Талас өзендерінің бассейндерінде судың деңгейі 20-25% пайызға төмен. Осы өзендердің барлық ағыны Қырғыз Республикасының аумағында қалыптасады. Суы аз циклі кезінде мемлекетаралық су объектілері бойынша келісілген көлемде су алу барысында қиындықтар туындайды.

«Түркістан және Қызылорда облыстары бойынша айтсам, Сырдария өзеніндегі судың деңгейі Тоқтоғұл су қоймасының толтырылуына байланысты. Ағымдағы вегетациялық кезеңнің басында аталған су қоймасының көлемі соңғы 5 жылдағы ең төмен көрсеткішке тең болды. Вегетациялық кезеңнің басындағы норма 15 млрд текше метр болса, осы жылғы бірінші сәуірде 8,7 млрд текше метр болды. Арыс өзені ағынының нормасымен салыстырсақ, 8 пайыздан 73 пайызға дейін төмен. Тау өзендерінің орташа ағысы нормадан 25% төмен», - деді министр.

Оның пайымынша, бұл жағдайда көршілес елдермен су дипломатиясы маңызды рөл атқарады. Осылайша, қырғыз елімен қосымша су жіберуге келісім жасалды.

«Атап айтсақ, вегетация шыңында (маусым-тамыз) Тоқтоғұл су қоймасынан қосымша 330 млн текше метр су қабылданатын болады. Осы су көлемін Өзбекстан аумағы арқылы өткізу жөнінде де уағдаластықтарға қол жеткізілді. Сондай-ақ, тәжік және өзбек тараптарымен бірлесіп «Бахри Точик» су қоймасының жұмыс режимі бойынша келісімдер жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, қазақстандық тарап үшін 315 млн текше метр көлемінде «Бахри Точик» су қоймасынан қосымша су беру бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді. Оның орнына тәжік тарапы сексен 80 тонна дизель отыны, отыз 30 тонна дизель майы және 1 экскаватор түрінде материалдық-техникалық қолдау көрсетуді сұрайды», - деді М. Мырзағалиев.


Жоғары қарай