Ауа райы
Астана 21 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 405.66
EUR 454.70
RUB 5.71
CNY 57.43

«Egemen Qazaqstan» балаларды ертегілер еліне жетелейтін жобаны қолға алды

2020 жылдың 15 сәуір 2020 22:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Egemen Qazaqstan» газетінің YouTube арнасында «Қуыршақ» театрының әртісі, Мәдениет саласының үздігі Салтанат Мағзым үйде отырған балаларға ертегі оқып беріп, жас көрерменнің көңілін аулап жүр.

Екі апта бұрын басталған «Егеменнен – ертегі» жобасы көп бүлдіршіннің асыға күтер бағдарламасына айналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ертегі баланы мейірімге үндейді. Тапқырлыққа үйретеді. Еліміздің бас газеті «Egemen Qazaqstan» мен «Қуыршақ» театрының бірлескен жобасы ұрпақ үшін басты байлық. Дәл қазіргі қиын сәтті бірлесе жеңіп шығатынымыз сөзсіз. Мұндай жобаларды қолдауымыз керек, аз да болса үлесімді қосып отырғаныма қуаныштымын», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Қуыршақ» театрының әртісі Салтанат Мағзым.

Идея авторы – «Egemen Qazaqstan» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі. Қазақ радиосындағы «Ерден атаның ертегілері», «Зәмзәгүл әженің ертегілері», «Кешкі ертегілер» деген атпен үзіліссіз беріліп тұратын шағын жоба көрерменнің назарын өзіне аударып отыр. Жақында Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Facebook парақшасында жобаны ерекше атап өткен.

«Қазір үйден шықпай отырудың өзі сынаққа айналды. Осындай кезде оқшауланған халықтың теледидар мен интернетке көбірек уақыт бөлетіні жасырын емес. Сондықтан мәнді, мағыналы дүниелерді арттырудың маңызы зор. Осы ретте сондай игі істердің бірі де бірегейі ретінде «Егеменнен ертегі» жобасын атап өткім келеді. Күн сайын «Egemen Qazaqstan» газетінің YouTube арнасынан берілетін ертегілер мынадай жаймашуақ күндерде далаға шығуға асығатын ойын баласы үшін таптырмас ермек болары сөзсіз», - деп жазды М.Әшімбаев.

Жоба үйлестірушісі Ая Өміртай бастама алдағы уақытта да жалғасын табатынын, тіпті оны анимациялық тұрғыда дамыту жоспары барын айтады. Сондай-ақ балалар арасында байқау ұйымдастыру жоспары туралы бөлісті.

«Ықылым заманнан күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан қазақ халық ертегілерінің дәл қазір қажеттілігі тіпті күшейіп, мән-мағынасы артып отыр. Үйде оқшаулану кезінде балаларға арнап ерікті түрде аталған жобаны бастадық. Алда жобаны жан-жақты дамытуды ойластырып отырмыз. Біздің ойымызша, қалай болғанда да балаларға арналған қазақ тіліндегі контентті дамыту керек. Мүлдем жоққа шығара алмаймыз, әйтсе де жекелеген ерікті топтар қазақ балалар әдебиетіне қатысты түрлі жобаларды ұсынып жатқаны қуантады. Осы қатардағы бас басылымның «Балаларға базарлығы» да қысқа уақытта тұрақты жас тыңдармандарын тауып үлгерді», - дейді Ая Өміртай.


Автор Аян Бекенұлы
Басты сөздер: БАҚ, Қоғам,
Жоғары қарай