Ауа райы
Астана -17 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Еділ Мамытбеков: Қазақстанды ЕАЭО алаңында артқа тартатын мәселелерге бір үңіліп қою керек

2020 жылдың 15 қазан 2020 12:38

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенат депутаты Еділ Мамытбеков ЕАЭО-ға кіргізілетін кедендік баж бөлінісі мәселесін реттеуде Қазақстанның экономикалық мүддесін барынша қорғауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ЕАЭО – динамикалық тұрғыда дамып келе жатқан интеграциялық бірлестік. Оның құрамындағы мемлекеттердің саны алдағы уақытта арта беруі мүмкін. Бұл бір жағынан сауда нарығының ұлғаюына алып келсе, екінші жағынан кіргізілетін кедендік баждың бөлінуі есебінен әр елдің қаржылық түсімінің азаюуына да апарып соқтыруы ықтимал. Бұл мәселе – Қазақстан үшін маңызды. Бүгінгі таңда парадоксальды жағдайды бақылауға болады: бір жақтан Ресейге қатысты экономикалық санкциялар күшінде тұр. Екінші жағынан Қазақстан осынау кедендік бажды бөлу жүйесі жағдайында өзінің жеделдетілген индустрияландыруына шығын келтіре отырып, шикізат ресурстарын сыртқа шығаруға мәжбүр. Дәл мұндай құрылымдық ауытқулар Еуразия экономикалық комиссиясының табанды түрде жүргізіп келе жатқан бірыңғай өнеркәсіптік саясат жүргізу идеясы жағдайында «консервіленіп» қалуы мүмкін», - деп ескертті одақтың кемшін тұстарын Еділ Мамытбеков.

Сенат депутатының айтуынша мұндай екіұштылық интеграциялық күш біріктіру кезінде осы одаққа мүше мемлекеттердің кооперацияны дамыту, ұлттық өнеркәсіп кешендерін өркендету бойынша ынтасын қайтарады.

«Осыған байланысты қазақстандық тарап дәл осындай шегініске жетелейтін, шешім қабылдайтын «ас үйге» бір үңіліп қойса дұрыс болар еді. Мәселен Беларусь тарапы өз мүддесін қорғау үшін бірқатар шара қабылдауда. Белта ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Беларусь ЕАЭО-ға кіргізілетін кедендік баж бойынша экономикалық мүддесін ойлап отыр. Осы жылдың наурыз айында Беларусь Республикасының Премьер-министрінің орынбасары Игорь Петрешенко бір сұхбатында «алдын ала есеп бойынша, Беларусь үшін баж бөлу мотиві – 0,65-тен 1,36 пайызға көтерілуі керектігін» айтып қалды. Сонымен қатар беларусьтар бұл нормативтерді тұрақты негізде бекітуді қолдамайды. Олар әлемде экономикалық жағдай қатты өзгеріп жатқанын, мемлекет кедендік бажды қайта қарастыру мүмкіндігіне ие болуы керектігін аргумент ретінде алға тартады», - деді сенатор.

Еділ Мамытбеков Беларусь Республикасының ЕАЭО-ға кіргізілетін кедендік баж үш жылда бір рет талқылануы керек деген ұсынысын қолдауға шақырды.

«Келіссөзге қатысушылардан алдағы отырыстарда осыны есепке алуын өтінемін», - деді ол.

Еске сала кетсек, бүгін сенаторлар 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шартқа өзгерістер енгізу, жекелеген халықаралық шарттардың қолданысын өзгерту және тоқтату туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдаған болатын.

Хаттамада кедендік әкелу баждарының сомаларын бөлудің жаңа нормативтерін бекіту көзделеді. Нормативтердің мөлшері мүше бес мемлекет үшін айқындалған.

Бұл ретте Қазақстан үшін норматив 6,955% болып отыр.


Жоғары қарай