Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ЕАЭО елдерінде жұмыс іздеуге мүмкіндік беретін бірыңғай жүйе іске қосылады

2020 жылдың 25 шілде 2020 13:50

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Біріздендірілген іздеу жүйесі іске қосылғаннан кейін ЕАЭО елдерінің азаматтары мен ұйымдары экономикалық одаққа мүше-мемлекеттердегі бос жұмыс орындарын пайдалана алады және сол елдің азаматтарын қызметке жалдай алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта одақ шеңберінде тауарлардың, қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ету көзделген. Бүгінде одақтың құрамына Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресей мемлекеттері кіреді.

«Қазіргі уақытта одаққа мүше барлық мемлекеттер «Шекарасыз жұмыс» біріздендірілген іздеу жүйесі» атты жобаны іске асыруда. Іздеу жүйесі жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту саласындағы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ақпараттық жүйелеріндегі бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер туралы ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Жобаға бес елдің қолданыстағы ұлттық жүйелері іске қосылған» деп мәлім етті Еңбек ресурстарын дамыту орталығынан.

Қазақстан Республикасы тарапынан жобаның үйлестірушісі - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ал ұлттық операторы – «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ, ұлттық жүйе – электрондық еңбек биржасы www.enbek.kz.

Жобаны іске асыру нәтижесінде ЭЕБ порталында авторландырылған пайдаланушылар одақтың ұлттық жүйелерінде бос орындар мен түйіндемелерді іздестіре алады.

Бұл ретте бір немесе бірнеше мүше мемлекеттердің аумағында жұмыс іздеуді немесе персоналды іріктеуге, бос орындар мен түйіндемелерді қарауға, сондай-ақ ізденуші мен жұмыс беруші арасында байланыс жасау, тіпті азаматты әңгімелесуге шақыру мүмкіндігі болады.

ЕАЭО мүше мемлекеттердің ұлттық жүйелерінде «Шекарасыз жұмыс» біріздендірілген іздеу жүйесін 2020 жылдың 4-ші тоқсанында іске қосу жоспарланған.


Жоғары қарай