Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Дзюдошылар Елдос Жұмақанов пен Галбадрах Отгонцэцэг спорттағы мансаптарын аяқтады

2021 жылдың 19 қараша 2021 20:06

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Дзюдодан Қазақстан командасының мүшесі Елдос Жұмақанов пен Галбадрах Отгонцэцэг спорттық мансабын аяқтады. Бұл туралы Оралда өтіп жатқан ел чемпионатында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ұлттық Олимпиада комитетіне сілтеме жасап.

Елдос Жұмақанов ұзақ жылдар бойы Қазақстан командасының намысын абыроймен қорғап келді. 66 келі салмақта өнер көрсетіп келген ол спортқа бес жасында қадам басқан. Осы жылдар аралығында Елдос Жұмақанов әскерилер арасындағы әлем чемпионы, Гран-при турнирінің жеңімпазы (2013), аталған турнирдің күміс және қола жүлдегері (2016, 2019) атанды.

Masters турнирі (2017) мен Еуропа кубогінің (2015) күміс жүлдегері. Сондай-ақ Елдостың жүлде қоржынында Азия біріншілігінің төрт медалі бар. Ол 2015 жылы Эль-Кувейтте, 2016 жылы Ташкентте өткен құрлық додасында қола жүлдеге қол жеткізсе, 2017 жылы Гонконг және 2019 жылы Фуджейрада өткен Азия чемпионатында күміс медаль таққан.

Сонымен қатар, Елдос Жұмақанов 2018 жылы Джакартада (Индонезия) өткен Азия ойындарының қола жүлдегері атанған.

«Бүгін кәсіби спортшы ретінде спорттағы мансабымды аяқтап отырмын. Әрине, мұндай шешімді қабылдау мен үшін оңайға соққан жоқ. Дзюдошы ретінде ұлттық құрама сапында 12 жыл тер төктім. Осы жылдар аралығында жеңіс пен жеңіліс, қиындық пен қуаныш қатар жүрді…

Дзюдо әлемінен түбегейлі бас тарту мүмкін емес. Бүгін дзюдошы ретінде спорт мансабымды аяқтағаныммен Қазақстан спортына қызмет етуімді әрі қарай жалғастырамын», - деді Елдос.

Галбадрах Отгонцэцэгтің спорттық ғұмырындағы ең ірі жеңісі – 2016 жылғы Рио Олимпиадасының қола жүлдесі. 48 келіде ел намысын қорғаған Галбадрах екі мәрте (2017, 2018) әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған.

Сондай-ақ Азия ойындары (2018) мен Универсиадада (2017) үздік үштікке еніп, 2018 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатында топ жарды.


Басты сөздер: Спорт, Қоғам,
Жоғары қарай