Ауа райы
Астана -19 °С
Алматы -13 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Дүкен Мәсімханұлы: Қазақстан үшін шығыстану ғылымының стратегиялық мәні өте зор

2020 жылдың 19 қараша 2020 23:56

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтерілген. Осы орайда Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Дүкен Мәсімханұлымен сұхбатымызды назарларынызға ұсынамыз.

- Дүкен Мәсімханұлы, Шығыс елдерін, олардың тарихы мен мәдениетін, ішкі-сыртқы саясатын, экономикасы мен әлеуметтік мәселелерін зерттеумен айналысатын еліміздегі бірегей ғылыми орталық – Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтына басшылық қызметке келгеніңізге жарты жылдай уақыт болып қалыпты. Әрине, шығыстану ғылымы Сізге бейтаныс емес қой, дегенмен жаңа ұжымның, әр мекеменің өз «қарбалысы» болады, жаңа орта дегендей... Үйренісіп, үйірлесіп, танысып-білісіп қалған шығарсыз?

– Әрине, Шығыстану ғылымы мен үшін бейтаныс емес. Себебі, Отанға оралған 30 жылдан бері шығыстану ғылымының іргелі бір саласы – қытайтану ғылымымен айналысып келе жатырмын. Еліміздегі жалпы зиялы қауым, көзі қарақты оқырман, әсіресе, шығыстану саласының мамандары мені шығыстанушы, оның ішінде, қытайтанушы деп қабылдайды, таниды.





Жаңа жұмыс туралы айтар болсақ, қазіргі таңда өзім басшылық етіп отырған Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты маған мүлде бөтен орта емес. 1993-2002 жж. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ұстаздық еткен он жыл ішінде үнемі байланыста болдық. Шығыстану институтының жетекші ғалымдарын ҚазҰУ-не оқу бітіруші студенттердің мемлекеттік емтиханына комиссия төрағасы ретінде шақырып тұратынбыз. Одан кейінгі 2002-2020жж. аралығында Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да кафедра меңгерушісі, қытайтану институтының директоры болып қызмет атқардым. Осы барыста да шығыстану институтының қызметкерлерімен мерекелік іс-шараларда, ғылыми конференцияларда жүздесіп, әңгіме-сұхбатта болып тұратынбыз.

Бүгінде Шығыстану институтының жетекші ғалымдарының бірі, ҚР ҰҒА академигі Әбсаттар қажы Дербісәлімен бұрыннан етене таныспыз. Мен 1993 жылы ҚазҰУ-дің арнайы шақыруымен елге оралған кезде Әбсаттар Бағысбайұлы аталмыш университеттің проректоры еді. Сол кезде Әбекең тікелей басшым болды. Қабілетті ұйымдастырушы, елдің іші-сыртына кеңінен танымал арабист-шығыстанушы ғалым Әбсаттар аға Дербісәлінің менің өмір және еңбек жолымдағы орны осындай.

Ал 1998-2013 жж. аралығында Шығыстану институтының директоры болған профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Меруерт Әбусейітова ханым да еліміздің іші-сыртына танымал ғалым. Сондай-ақ ол кісі білікті басшы, шебер ұйымдастырушы, бегзат болмысты зиялы. Айрықша айта кетерлігі, Меруерт Қуатқызының атақты Мәшһұр Жүсіп Көпеев атамыздың тікелей ұрпағы екенін біреу білсе, біреу білмес. Меруерт Қуатқызының есімімен де, еңбектерімен де бұрыннан жақсы таныспын.

Сонымен бірге, Институтымызда белгілі қытайтанушы-ғалым Жанымхан Ошанұлы қызмет істейді. Жанымханмен біз сонау 1980 жылдары Бейжің қаласындағы Орталық ұлттар университетінде қабырғалас факультетте қатар оқыдық. Ол тарих, мен филология факультетін тәмамдап, мен Үрімжідегі Шыңжаң қоғамдық ғылым академиясына жолдама алдым. Жәкең болса Бейжіңде қалды. Студенттік шақтардан етене таныс Жанымханмен басымыз бір ұжымда тағы қосылып жатыр. Институтымызда қызмет ететін өзге де ғалымдар мен әріптестерім жүз таныс, көз таныс, көңіл жақын адамдар. Бірінің еңбегімен таныс болсам, бірінің есім-сойымен таныспын дегендей. Сол себепті де мен бұл ұжымды соншалық бөтенсіп, жатсына қойған жоқпын.

Қазақ айтады ғой: «адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» деп. Әрине, жаңа ортаның өзіне тән ойлы-шұңқыры, қыр-сыры болатыны белгілі. Дей тұрғанмен ғылыми орта, зиялы қауым шоғырланған жер болғандықтан, 30 жылға жуық бір-бірімізбен сырттай болса да таныс болғандықтан, тез тіл табысып кеттік деп ойлаймын.

– Ендігі әңгімемізді шығыстану деген ғылымның әлемдік және отандық тарихынан бастасақ...

Шығыстану, түптеп келгенде, ғылыми зерттеудің негізінде пайда болатын ғылым. Бірақ оның артқы көрінісінде әртүрлі себептердің бар екендігі, яғни, тарихи, саяси, экономикалық мақсаттардың тұратыны жасырын емес. Бұлай деуіміздің себебі, шығыстану, әу баста батыстан басталды. Ол батыстыңШығысқа үстем­дік ету, отарлау саясатының жемісінде пайда болды десек, қателеспейміз. Ал енді шығыстану ғылымының бастау алуын батыстық ғалымдар 1312 жылы Вьенде болған шіркеулік кеңестен тарқатады. Осы кеңестің нәтижесінде, араб, грек, иврит және сириялық тілдерді зерттейтін кафедралар Париж, Оксфорд, Болонья, Авиньон мен Саламанкада ашылды. Міне, Батыстың Шығысқа деген «қызығушылығы» осыдан кейін күрт артты деуге болады. Олар әртүрлі формада, әртүрлі пиғылда Шығысқа сапар шекті. Айталық, саяхатшылар, саудагерлер, ғылыми экспедициялар, діни миссионерлер т.б. Осындай Батыстық «шығыстанушылардың» ізі біздің Ұлы даламызды да көктей өтіп, Орхон-Енесей бойындағы Түркі ескерткіштеріне де жетті. Оны тарихтан, жалпы түркологиядан жақсы білесіздер. Сөйтіп, XVIII ғасырдың орта шеніне дейін шығыстанушылар академиялық тұрғыдан шығыстанушылар емес, әртүрлі салалар бойынша ізденушілер ретінде белгілі болды. Олардың кейбірі Библия зерттеушілері, семит тілдерінің зерттеушілері, исламды зерттеушілер, Шығыс халықтарының мәдениетін, тарихын зерттеушілер, географиясын картаға түсірушілер деген сияқты. Тіпті, Иезуиттердің Қытайға дейін жетуі – синологтердің пайда болуына алып келді. Нақтылап айтқанда, XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың ортасына қарай Шығыс ғылыми һәм мәдени тұрғыдан «отарлана» бастады деуге толық негіз бар. Бұл кезеңді Эдгар Кине деген ғалым Шығыс ренессансы деп атаған. Әсіресе, XIX ғасырдың орта тұсында Шығысты зерттеу жаппай үрдіске айналып, батыстық ғылыми ортада шығыстану атты ғылым пайда болды. Батыстың Шығысқа иелік етуі дейтін «ұлы мұраты» нәтижесінде, Шығыстану ғылымы да қарқынды дамыды. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, ХVIII-XIX ғ.ғ аралығында Батыстың, нақтылап айтқанда, Еуропаның жер шарын отарлаудағы үлесі 35%-дан 85%-ға дейін өскен.

Жалпы алғанда, шығыстану ғылымының әлемдік сипаты осындай. Қазіргі таңда шығыстану ғылымы мүлде басқа арнаға ауысты. Бұрынғы Батыстың Шығысқа деген көзқарасынан гөрі, Шығыс елдері өз мүддесі тұрғысынан Шығыс елдерін зерттей бастады. Соның ішінде, бізде қазақстандық мүдде тұрғысынан Шығыстағы елдерді стратегиялық тұрғыдан зерттеп келеміз. Сөйтіп, Отандық шығыстану қалыптасты.

Жалпы, шығыстану деген ғылыммен пән ретінде қазақ халқы КСРО тұсында танысты. Бірақ, онымен қазақстандық ғалымдар жаппай маманданып, ғылым ретінде айналыспады. Өйткені, шығыстану ғылымы Мәскеудің уысында болды да, қолы жеткен қазақтар ғана оқуға мүмкіндігі болды. Айталық, ұлы Мұхаңның (Мұхтар Әуезов) баласы Мұрат Әуезов, соғыс ардагері, жазушы Кемел Тоқаевтың ұлы, қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев оқыды. Осындай қадау-қадау тұлғалар ғана шығыс елдері бағыты бойынша мамандық алды. Ал басқа да бірлі-жарым азаматтар бұл салада оқығанымен, Қазақстанда жұмыс істеп тұрған ғылыми орталықтар бола қойған жоқ. Сондықтан шығыстану ғылымы қазақ топырағында бастау бұлағын сонау Шоқан Уәлихановтан алғанымен, Кеңес одағы кезінде оны өркендетуге, Шоқанның бастамасын жалғастыруға қазақ халқының өз еркі өзінде болмады.

Тек тәуелсіздіктен кейін ғана шығыстану ғылымын өркендету, жандандыру қажттілігі туды. Себебі, біз тәуелсіз ел, әлемдік қауымдастықтың бір мүшесі ретінде дүниежүзіндегі барлық елдермен дипломатиялық, сауда-экономикалық, саяси-әлеуметтік, гумантитарлық бағыттарда қарым-қатынас орнату қажеттілігі туындады. Олармен қарым-қатынаста ғылыми тұжырымдар жасау қажеттілігі тіптен артты. Осы мақсатпен 1996 жылы Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты құрылды. Разаман Сүлейменов Шығыстану институтының құрылуына тікелей атсалысқан тұлға. Ол сонау Кеңес одағы тұсынан шығыстану бойынша көп еңбек еткен ғалым. 1979 жылы шығыстану бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Кейін тарих, археология және этнология институтын басқарды. Осы тұстарда Қытай мұрағаттарындағы қазаққа қатысты деректерді жинастырып, құрастырып, шығаруда ұйымдастырушылық қабілетімен ерекше көрінді. Соның нәтижесінде, «Цин империясы мен Қазақстан», «XVII-XVIII ғасырлардағы Орталық Азиядағы халықаралық қатынас» атты құжаттар жинағының жарық көруіне мұрындық болды. XVIII ғасырдағы Қазақстан тарихына байланысты еңбек жазып, Абылай ханның ішкі-сыртқы саясатының ерекшеліктерін ашып көрсетті. Осындай іргелі еңбегі ескеріліп, оның есімі Шығыстану институына берілді. Сол 1996 жылдан бері Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты Шығыс елдерін зерттеумен айналысатын іргелі ғылыми орталық саналады. Қазір бұл институтты әлемдік деңгейде демей-ақ қоялық, ТМД ауқымында өзіндік бағыт-бағдары, жетістіктерімен орнын күреп алған ғылыми орталық деуге болады.





– Отандық шығыстану ғылымының бағыт-бағдары, стратегиялық маңызы, мақсаты мен міндеті деген мәселелерді қалай сипаттауға болады?

Әлемдегі кез келген ғылым белгілі бір қажеттіліктен туады. Мейлі іргелі жаратылыстық ғылым болсын, мейлі гуманитарлық ғылым болсын, оның түп негізінде қажеттіліктің жатқаны шындық. Әсіресе, гуманитарлық ғылымдар белгілі бір мемлекеттің болашағын, өмір сүруін бағдарлап беріп отыратын бағдаршам іспетті. Ал іргелі ғылым өмір сүруге қолайлылық, мүмкіндік, бақуаттылық әкеледі. Гуманитарлық ғылымдар кеше біз кім едік, қайда болдық, енді кімбіз, болашағымыз қалай болмақ деген мәселелерге жауап іздейді. Сол арқылы ұлтқа, мемлекетке белгілі бір деңгейде жол нұсқап, стратегиялық бағыт беріп отырады. Мысалы, тарих ғылымын алып қарасақ, бағзы замандардан бергі ата-бабаларымыздың өмір жолын сараптап, бастан өткен зұлматтарды зерделеп, тағдыр-талайымызды жүйелеп, бүгінгі ұрпақтың санасына сәуле құю, патриоттық сезімін ояту сынды міндет арқалайды. Шығыстану ғылымының да мойнында сондай үлкен міндеттер бар. Шығысты зерттеуде біз қандай бағыт-бағдарды негізге аламыз? Ол үшін мен қытайды мысалға келтірейін.

Қазақтың Қытаймен қарым-қатынасы сонау Абылай хан заманынан бастау алады. Бұл Қытайдың Цин империясымен тұспа-тұс келеді. Алайда Цин империясының мемлекет құрушы ұлты қытайлар (ханьзу) емес, манчжурлар еді. Яғни, қытайды 300 жылдай өз уысында ұстап отырған осы манчжур халқы болатын. Тіпті соның өзін қытай деп есептеген күннің өзінде, сол XVIII ғасырлардың ауқымында Абылай хан менен Цин патшалығы арасында там-тұмдап болса да барыс-келіс болды. Осы тұста екі елдің ортасында Жоңғар хандығы пайда болды да, байланыс тағы үзілді. Абылай хан қайтыс болуымен қазақ хандығы ыдырады. Ең соңғы хан Кенесары күрес жолымен қазақ хандығын қайта қалпына келтіргісі келгенмен, ел ішіне дендеп кірген жау оған мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде, Кенесарының қазақты орыстың боданынан құтқарам деген ұлы арманы жүзеге аспай, өзі майданда қайтыс болды. Сөйтіп, біз орыстың тұтастай боданына айналдық. Отаршыл патша үкіметі немесе тоталитарлық Кеңес үкіметі кезінде болсын, тәуелсіздікке дейінгі екі жарым ғасырдай уақыттағы бес-алты ұрпақ қытай деген таным-түсініктен мүлде бейхабар болды. Мысалы, қытайлардың тарихы, мәдениеті, саясаты, психологиясы, экономикасы, тіпті түр-әлпеті, менталитеті... деген толып жатқан сұрақтар жұмбақ күйінде қалды. Тек Кеңес үкіметі тұсында география және әлем тарихы пәндерінен қытай деген елдің бар екенін жалпылама білгені болмаса, ол мемлекетпен саяси, дипломатиялық тұрғыдан бетпе-бет келмедік.

Бұл қытайға ғана қатысты мәселе емес, араб елдеріне де қатысты сөз. Мысалы, араб әлемімен сонау Алтын Орда, Қазақ хандығы заманында сауда-саттық қарым-қатынастан өзге барыс-келіс бола қойды деу қиын. Біздің бағзыдағы Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздан бастап кешегі Шәкәрім, Ақыт қажы, Қапезге дейінгі ғылым-білім іздеу байланысымыз болмаса, кеңес одағы тұсында 70 жылдай қарым-қатынасымыз негізінен үзілді деуге болады. Араб әлемі тұрмақ, біз Құраннан алыстап, исламдық құндылықтарымыздан, ақ дінімізден ажырап қалдық. Айтайын дегенім, тәуелсіздіктен кейін сол елдердің бәрін тану, зерттеу қажеттілігі туындады. «Ойбай, анау адам жейді, мынау бәлен дейді» деген утопиялық көзқарас емес, нақтылы ғылыми тұжырымдарға иек сүйеу керектігі екібастан белгілі ғой. Яғни, Шығыс елдерінің тарихын, мәдениетін, қазіргі экономикалық-әлеуметтік жағдайын, менталитетін, ішкі-сыртқы саясатын зерттеп, зерделеп, соған сай дипломатиялық қарым-қатынас орнату уақыт талабы еді. Сондықтан да арнайы бір ғылыми орталық Шығыс елдерін зерттеумен айналысуы керектігін мемлекеттің өзі түсінді. Ал аталмыш ғылыми орталықтың міндеті – билікке, билік бұтақтарына, жалпы ел тұрғындарына Шығыс елдері туралы ғылыми тұжырымдарды, ғылыми-танымдық ақпараттарды беріп отыру. Бір ауыз сөзбен айтқанда, Қазақстан билігінің Шығыс елдерімен болатын дипломатиялық қарым-қатынасына ғылыми негіз жасап беру – шығыстану ғылымының мақсаты мен міндеті саналады.

Шығысымыздағы 1750 шақырымдық ортақ шекарамыз бар, жан саны ернеуінен асып-төгіліп жатқан демографиялық әлеуеті бар Қытайдың қандай жоба-жоспары барын талдап, сараптап отыру аса маңызды. Оның үстіне Қытайда екі миллиондай қандастарымыз өмір сүреді. 15 миллиондай тілдес, діндес ұйғыр ағайындардың қазіргі жағдайы ешкімге беймәлім емес. Сол себепті де, шығыстану ғылымын күн өткен сайын жандандыра түсудің маңыздылығы өздігінен туындап отыр. Демек Шығыстану ғылымы, біріншіден, Шығыс елдерімен достық, тату көршілік дипломатиялық қарым-қатынасты жолға қоюдан, екіншіден, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуден туындаған қажеттілік. Әсіресе, Шығыстағы алып көршіні зерттеп, білмесек, Оңтүстік Азиядағы күн санап қытайланып бара жатқан елдердің кебін киіп шыға келуіміз ғажап емес.

Ал енді ислам әлемі де қазіргі кезде күйіп тұрған тақырып, күйіп тұрған аймақ. Мысалы, діни секталардың қаптап кетуі – араб әлемімен бейберекет қарым-қатынастың нәтижесі деп есептеймін. Әрине, біз шығыс халықтары ретінде бір замандарда аралас-құралас болдық. Олардың мұрағаттарында біздің елімізге, тарихымызға қатысты құнды дүниелер бар. Оның үстіне, араб әлемінің де өзіндік құндылықтары, мәдениеті жоқ емес. Одан үйренетін жерлеріміз де баршылық. Біз мұсылман халық ретінде біз оларды дін қарындас деп есептейміз. Сондықтанда араб әлемімен қарым-қатынаста татулықты сақтай отырып, қауіпсіздікке сызат келтіретін шетін мәселелерде аса сақ болу жағын қадағалап отыруымыз керек.

Орталық Азия елдері, яғни, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Түркия сынды елдерді де зерттеп, білу – Шығыстану институтының басым бағыттарының бірі. Біз түбіміз түркі, ғұрпымыз бен тіліміз, дініміз бір бауырлас халық бола тұра, өзіндік жеке мемлекеттік мүдделеріміздің де бар екенін ұмытпауымыз керек.

Оңтүстік Азия елдерін де зерттеп, зерделеудің маңыздылығын мына екі мәселеге бөліп қарастырғым келеді. Бірі, Оңтүстік Азия елдері экономикалық әлеуеті жағынан дамудың даңғыл жолын тапты. Бұл біз үйренетін, тәжірибе алатын тұсы. Екінші жағынан алғанда, олардың қытайлану процесі күн санап ауырлап барады. Бұл жағы да бізге көбірек сабақ болуы тиіс.

– Бұған дейін Шығыстану институты шығыс елдерін зерттеуден гөрі, шығыс елдері мұрағаттарындағы қазақ тарихына қатысты деректермен көбірек айналысып кеткен сияқты...

Біз ұзына тарих бойына көз жазғанымыз көп, адасқанымыз бірсыпыра елміз. Тәуелсіздіктен кейін бұл олқылықтың орнын толтыруға атан күшімізді аямай-ақ кірістік. Бұл игі бастаманың басында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрғанын айрықша айтуымыз керек. Әсіресе, «Мәдени мұра» бағдарламасы осы сөзіміздің айғағы. «Мәдени мұра» бүкіл дүниежүзіндегі қазақтың бағзы дәуірлерден күні кешеге дейінгі тарихына қатысты деректерді жинап, шығару деген үлкен міндетті арқалады. Аталған бағдарламаның ауқымында Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты Шығыс елдерінің мұрағаттарындағы қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты деректерді жинап, аударып, бастырып шығару жұмысымен тұрақты айналысты. Біз тек шығыстанумен ғана айналысамыз деп қарап отыру қисынға симайды. Өйткені, бұл мемлекеттің қажеттілігі. Әсіресе, сол тұстағы Институт директоры Меруерт Әбусейітова ханымның басшылығымен атқарылған көптеген игі істер бұл қажеттіліктің үдесінен шыға білді деп ойлаймын. Қытай, Араб, Моңғол елдері мұрағаттарындағы қазақ тарихына қатысты жүздеген том шаң басқан архив деректері жүйеленіп, аударылып, ғылыми айналымға түсті. Бұл түсінген адамға аз шаруа емес. Одан кейінде «Рухани жаңғыру», «Архив – 2025» стратегиялық бағдарламалардың аясында да қыруар жұмыстар атқарылды. Былай қарағанда, Шығыстану институты, ғалымдары Шығыс елдері мұрағаттарындағы қазаққа қатысты тарихи деректермен айналысып кеткендей көрінгенімен, түптеп келгенде, бұл ел болашағы жолындағы шығыстанушылар тарапынан жасалған жұмыстардың бір парасы саналады. Қазіргі таңда Шығыстану институтының мойнына жүктеліп отырған міндет – таза Шығыс елдерін зерттеуге бағытталған.

– Өткенде «Нұр Отан» партиясының «Праймериз» науқанына қатыстыңыз. Сол кезде сайлауалды бағдарламаңыздың салмақты бір пункті – еліміздің ғылым-білім саласын жаңғыртуға арналғанын көзіміз шалып қалды. Ол әрине, заңды да. Себебі сіз ұзақ жылдар еліміздің жетекші ЖОО-да ұстаздық еттіңіз, кафедра басқардыңыз. Қазір міне іргелі ғылыми орталықты басқарып отырсыз. Демек, ғылым-білім саласы туралы ой айтуға толық хақыңыз бар деп білеміз. Енді осы барыстағы ой-пікірлеріңізді, ұсыныс-тілектеріңізді біздің оқырмандармен бөлісе отырсаңыз...

Кез келген мемлекеттің өркендеуі, дамуы, тіпті, ұлттық қауіпсіздігі үшін ғылым-білім ауадай қажет. Ғылым-білімсіз жоғарыдағы айтқанымыздың біреуі де болмайды. Қала берді, қоғамдағы орнықтылықтың өзі ғылым-білімсіз жүзеге асады деудің өзі бекершілік. Өйткені, ғылым-білімі дамымаған, қараңғы, діни фанатизмге бой алдырған елдердің қандай жағдайда екенін көз көріп отыр. Мәңігілік ел боламыз деген ұлы мұратқа талпынған елдің ең бірінші кезекте көңіл бөлетін ісі – ғылым-білім болуы тиіс.

Тәуелсіздіктен кейін Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен экономика, қоғамдық ой-сана, мәдениет, өнер, ғылым-білім саласында тиісті реформалар жүрді. Бірақ, кейбір реформаларымыздың әлі күнге дейін өз арнасын таппай, тайғанақтап келе жатқаны жасырын емес. Әрине, жетілдірсек, жаңғыртсақ деген ниет жақсы-ақ! Бірақ, реформа деген екі жылда бір министр ауыстыру деген сөз емес қой. Министр ауыса берсін, бірақ, жүйеленген, тетігі табылған, ұлтқа қызмет ететін реформа таппайынша, үнемі ауысатын министрден не қайыр?!

Өз басым 30 жыл бойы ғылым-білім саласының отымен кіріп, күлімен шығып жүрген ұстаз, кафедра меңгерушісі, профессор, ғылыми орталықтың басшысы ретінде, осыған дейінгі реформалардың жүйесіздігін көріп, біліп отырмын. Ғылым-білім саласындағы басты кемшіліктеріміздің бірі – сырты балондық, іші советтік жүйемізде. Себебі, біз Кеңес одағы кезіндегі оқу-білім жүйесін бірден лақтырып тастадық та, балондық жүйеге көштік. Ол – Еуропалық оқу үлгісі. Еліміздің ғылым-біліміне жауапты лауазымды тұлғалар бұл оқу жүйесін қаншалықты тексеріп, зерттегеніне таңым бар. Бұлай деуіме себеп, Еуропа мен еліміздің экономикалық әлеуетін салыстыруға болмайтындығы. Еуропадағы елдердегі әрбір профессордың жеке кабинеті мен жеке көмекшісі болады. Ал, бізде сол баяғы «советский аудиторияда» 30-40 студентке бір профессор портфелін көтеріп келіп, лекциясын оқиды. Оқу формасы, жалақы, шарт-жағдай мәселелері «советский» жүйеде қалды да, оқу жүйенсін Балонға көшірдік. Профессорларға жеке-жеке кабинет беруді айтпаған күннің өзінде, студенттердің өзіне аудитория жетпейтін жағдайдамыз.

Балондық жүйеде студент қай профессордан дәріс тыңдағысы келеді, өз еркінде. Мысалы, ЕҰУ студенті ҚазҰУ-дағы профессордан дәріс тыңдағысы келсе, тыңдай алады. Бізде ондай мүмкіндік бар ма? Балон жүйесі бойынша, студенттердің көбі білікті маман « профессор Сәрсенбайды» таңдайтын болса, онда ол кісіге артық салмақ түсуі мүмкін де, керісінше, ешқандай студент таңдамаған профессор сағатсыз қалады. Ал батыс елдерінде студент таңдамаған профессорға жұмыс жоқ. Ал Еуропа елдеріндегі профессор мен біздің елдегі профессордың жалақысын салыстырып көріңізші! Біздің университеттерде профессорлар мықтағанда 500 доллар шамасында жалақы алады. Ал Еуропада бұл көрсеткіш бәлен есе жоғары. Міне, мұндай қайшылықтарды санамалап отырсаңыз, шашыңыз ағарады.

Одан кейін, балабақшадан жоғары оқу орындарына дейінгі аралықа, шама-шарқымызға қарай білім беріп келеміз. Алайда соның барлығында тек білім беруге басымдық танытып, тәрбиені тасада қалдырып келе жатқанымыз жасырын емес. Білім мен тәрбие – адам үшін құстың қос қанаты секілді. Әл-Фараби бабамыз: «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзді тектен-текке айтпаса керек. Осыдан мың жыл бұрынғы сөздің әлі күнге дейін өзекті болып отыруының мәнін қайдан іздесек екен?! Ұлттық менталитеттен бе, әлде, енжар реформалардан ба? Тым құрыса, жас ұрпаққа тәрбиені дұрыс берсек, ол ертең елінің адал перзенті, отаншыл, патриот ұрпағы болып ержетпей ме? Елім дейтін ер мінезі, адал жүрегі бар ұрпақ кетпен шапса да, ұлтына, еліне, жеріне адал қызмет етпей қоймайды.

Осы елде туып, өсіп, білім алып, енді Отанына, ұлтына мұрын шүйіріп, «маған Еуропаға кету керек, мынадай мемлекеттің не қажеті бар» деу, қай қисынға сияды? Мен 30 жылға жуық ұстаздық қызметімде, жастармен қоян-қолтық араластым. Олардың болашақ туралы арман-тілектерін естігенде, көкірегің қарс айырылады. Біздегі талантты жастардың көбі шетелге кету ойын жасырмайды. Мұның да өзіндік себебі жоқ емес. Біріншіден, біз оларға дұрыс тәрбие бере алмадық. Екіншіден, сол талапшыл, талантты жастардың арман-мұратын өз елінде жүзеге асыруға мүмкіндік жасай алмадық. Адам болған соң арман болады. Мысалы, «Сәрсенбай» деген мықты, талантты студент немесе магистрант бар делік. Ол әлемде жоқ дәрі тапқырлап, соны жасағысы келеді. Оған зертхана ашуға кемінде 20 миллион доллар керек делік. Егер оған тиісті шарт-жағдайын жасап берсек, «Сәрсенбай» әлгі дәріні жасап шықса, ол дәріні Қазақстан саудалайды ғой. Ал мемлекеттің шығыны – 20 миллион доллар десек, оны мемлекет бір жылда-ақ неше еселеп қайтарып алады деген сөз. Бір жағы, елімізде жаңалық ашылды, екіншіден, экономикалық табыс әкеледі. Осы тұрғыдан келгенде, біз жастарымызды кінәлай алмаймыз. Өйткені, жастарымыз өзінің бойында бар білімін, талантын көрсеткісі келеді, көрсете қояйын десе, бізде оған мүмкіндік жоқ. Сондай дарынды ұрпақтарымыздың біразы әлдеқашан шетел асып кетті. Тіпті, ондай іргелі ғылымды айтпағанның өзінде, өнер саласындағы, сәулетші, суретші, музыканттар да шетелге кетіп жатыр. Мұның бәрі тәрбиеден келіп шыққан әңгіме. Тәрбиені біз о баста біліммен қатар басты планға қоюымыз керек еді.

Енді ғылым саласына келейік. Соңғы жылдары ғылымға ауқымды түрде қаржы бөлінуде. Бұл қаржылар көбіне ғылыми жобалар арқылы жүзеге асып жатады. Менің білуімше, нақты емес ақпараттарға қарағанда ғылымға бөлінген қаржының 70 пайыздайы іргелі ғылымға, 30 пайызы гуманитарлық ғылымдарға бөлінеді. Іргелі ғылымдарға бөлінген 70 пайыз қаржы, яғни, миллиардтаған теңгенің қандай да бір қарымжысы, қайтарымы болып жатыр ма? Мысалы, химия, физика, биология, математика, ІТ, ғарыштық зерттеулер сынды жаратылыстық ғылымдардан пайда түсуі, қаржы қайтуы керек қой. Қалай? Өйткені, бұл салалар белгілі дәрежеде жаңалықтар ашуға, яғни, материалдық мүмкіндіктер туғызуға бағытталған. 30 жылда қандай да бір жаңалық ашылды ма? Қаржы қайда кетіп жатыр, нәтиже қайда деген сұрақтарға жауап алу болмай ма? Бұл бір. Екінші жағынан, бөлініп жатқан 70 пайыз ақшаның белгілі бір бөлігін жаңағыдай талантты жастарға беруге неге болмайды.

Ал, гуманитарлық ғылымдарға жалпы ғылымға бөлінетін қаржының 30 пайызын бөліп, өгей баланың күйін кештіру, дұрыс емес. Өтпелі кезеңде гуманитарлық ғылымға көбірек көңіл бөлу – ел болудың, ұлт боп ұйысудың жолы. Себебі, біздің ұлтымыздың санасы кешегі бодандықтың зардабынан оңбай зақымданған. Сананы отарсыздандыру әлдеқайда күрделі, нәзік мәселе. Осы нәзік те күрделі мәселемен гуманитарлық ғылымдар, соның ішінде, тарих, археология, әдебиет, философия, шығыстану, дінтану саласы тікелей айналысады. Аға буын өкілдері совет үкіметі тұсындағы қарнының тойғанына мақтанғанда, жер-дүние тербеледі. Бұл тәрбие оның ұрпағының да сүйегіне сіңбей қоймайды. Айтқыш болса, совет үкіметінің жанымыз бен тәнімізге салған жарасын неге айтпайды? Жазықсыз атылған, аштықтан қырылған, қуғын-сүргін көрген миллиондаған қандастарымыздың қасіретін неге айтпайды? Тұлданған табиғатымызды, құлданған рухымызды неге айтпайды? Осындай ұлттың басындағы қайғы-қасіреттерді жас ұрпаққа кім түсіндірмек. Сана отарсызданбаса, азаттығыңның құны көк тиын. Ал бұл мәселемен гуманитарлық ғылымдар айналысуы тиіс.

Содан кейінгі мәселе, халі мүшкіл мемлекеттік тілдің жағдайы. «Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дегендей, біз бұл мәселені отыз жыл бойы айтып келеміз. Құмға сіңген судай, ауаға жазылған анттай, нәтиже жоқ. Құмға құйылған судың орнына гүл өсетін, ауаға жазылған анттың да орындалатын шағы болды ғой. Біз мемлекеттік тілді ғылым тіліне айналдырмай, көсегеміз көгермейді. Мемлекеттік тілдің маңайында да құр «уралаған» науқаншылдық қана. Мен ЖОО-да жүргенде студенттерге қытай әдебиеті пәнінен реферат жазып келуге тапсырма беретінмін. Сонда студенттер қиналатын. Себебі, мемлекеттік тілде әдебиет жоқ. Барады да орыс тілінен оқиды. Демек, орыс тіліне деген қажеттілік ұрып тұр деген сөз.

Ал Ресейіңіз де, Қытайыңыз да әлемдегі жылт еткен жаңалық бүгін шықса, ертең аударып, төңкеріп, контентті толтырып тастайды. Нобель сыйлығын бүгін алды ма, ертең аударып, аудиторияны қамтамасыз етіп қояды. Бұл өз халқының рухани әлеуетін көтеру деген сөз. Ол үшін гуманитарлық ғылым әлеуетті болуы керек. Қазақ тілінің граматикасы сол баяғы орыс тілінің граматикасы негізінде жасалған. Мүмкін, әлемдегі басқа тілдердің граматикасы негізінде жасап көрсе, тіл үйренуге тіпті де жеңіл болар ма еді? Әдебиетіңіз де солай. Біз сол 60-70 жылдардағы «әдебиеттің таптық ерекшелігі, халықтық ерекшелігі» деген сияқты теориялардың шылауынан әлі шықпадық. Мысалы, біз компютерді, қару-жарақты шет елден сатып ала аламыз. Ал, қазақ тілінің жетістігін кімнен сатып аламыз? Қазақтың тарихын қайдан сатып аламыз? Оның бәрі осы жерде, осы елде жасалады. Ғылымның бәрі керек, әсіресе, қазіргідей мемлекет құрып жатқан кезеңде гуманитарлық ғылым ауадай қажет.

Одан кейінгі мәселе, гуманитарлық ғылымдарға бөлінетін гранттар саны. Мысалы, қазіргі жүйе бойынша жалпы гуманитарлық ғылымға деп, мәселенге айтайық, 50 жобаға лайықталған қаржыны «лақтырып» жібереді. Оны жолы болған 3-4 институт қағып алады да, қалған институттар қарап отырады. Бұл әсте дұрыс тәсіл емес. Меніңше, ғылыми дамудың белгілі баланысын сақтай отырып бөлу керек. Айталық, мәселен, тарихқа 10, әдебиетке 10, тіл біліміне 10, философияға 10, шығыстануға 10 грант деген сияқты. Енді келіп, өз ішінен бұл гранттарға конкурс жариялауға болады. Мысалы, шығыстануға бөлінген 10 грантқа Республикадағы шығыстанумен айналысатын институттар өзара бәсекелессін. Осылай болғанда кішкене әділетті болар еді. Сондықтан осындай күрделі, күрмеулі мәселелердің тиісті тетігін таппай, таз кепешпен жүргеніміз жүрген. Алдағы уақытта бұл мәселелердің барлығын мен Білім және ғылым минстрлігінің алдына, Мемлекет басшысының алдына да қойсам деген жоспарым бар.

– Институт басшысы болып келгелі бері қандай жоба-жоспарлар жасалып, нендей жұмыстар атқарылып жатыр?

Шығыстану институтының 2020-2025 жж. арналған даму жоспары жасалды. Онда да Шығыс елдерін көбірек зерттеу мәселесі жолға қойылды. Алға қойған мақсаттардың бәрі ғылыми жобалар негізінде жүзеге асады. Біздің Институт жыл сайын 20-30 ғылыми жоба ұсынуды жоспарлап отыр. Осы жылдың өзінде біз 22 жоба жасап, дайындап, алдын ұсындық, артын енді конкурс жарияласа ұсынамыз деген ойдамыз. Бұл жобалардың барлығының тақырыптары өте өзекті. Ғылыми кеңес мүшелерімен бірлесе отырып, оның барлығын сараптап, сараладық. Жоғарыда айттық, тағы да айтамыз, алдағы жасалатын жобалардың дені Шығыс елдерін зерттеуге негізделеді. Ара-арасында мұрағат құжаттарындағы деректерді зерттеудің де мүмкіндігі бар. Институтқа басшылық қызметке келгелі бері 2 халықаралық деңгейдегі ғылыми конференция ұйымдастырдық. Оның бірі, т.ғ.д, профессор Мерует Қуатқызы жетекшілік ететін «Ұлы даланың тарихы мен мәдениеті» атты жоба ауқымында халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференциясы, екіншісі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ғалымжан Дүйсен жетекшілік ететін «Ішкі көзқарас тұрғысындағы Орталық Азияның көпвекторлылығы» атты жоба бойынша халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференциясы. Одан кейін әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойы байланысымен Институтымыз біраз іс-шаралар ұйымдастырды. Соның бірі, академик Әбсаттар Дербісәлі ағамыздың «әл-Фараби – ұлы даланың дана перзенті» атты зерттеу еңбегі жарық көрді. Бұл еңбегін зиялы қауым, шығыстанушы ғалымдар жақсы бағалап жатыр. Мерекеге орай Әбсаттар қажы Дербісәлі ағамызбен жалпыкөпшілік оқырман арасында «Әбу Насыр әл-Фараби – ұлы даланың дана перзенті» атты онлайын-кездесуін өткіздік. Бұл да өз деңгейінде халықтың рухани әлеміне пайдасын берді деп ойлаймын.

Негізі, Өзіңіз де білесіз, ғылыми орталық деген өндіріс орны емес. Бір айда мұнша кірпіш өндіреміз деген сияқты. Бұл ғылыми орталық, оның өзіндік қалыптасқан жолы, ырғағы бар. Сондықтан да бұдан кейінгі алға қойған мақсаттарымыз, жоба-жоспарларымыз ретімен жүзеге асады деп сенемін.

- Әңгімеңізге рахмет!

Автор Махат Садық
Басты сөздер: Мәдениет, Қоғам,
Жоғары қарай