Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 445.84
EUR 490.47
RUB 5.73
CNY 62.87

Допты хоккей: «Ақжайық» өз айдынындағы соңғы кездесуін де жеңіспен аяқтады

2020 жылдың 17 ақпан 2020 16:45

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста «Ақжайық» «Маяк» (Краснотурьинск) командасымен екінші ойынын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл оралдықтардың «Жастар» стадионындағы осы маусымдағы соңғы кездесуі еді.

Тартысты өрбіген бірінші таймда есеп ашылған жоқ.

Матчтың екінші кезеңінде айдын иелері басымдылық танытты. Алдымен «Ақжайықтың» сұрмергені Максим Пахомов қарсыластың қақпасына қос допты енгізсе, қонақтардан Дмитрий Липин есепті қысқартты. Дегенмен бұдан кейін М.Пахомов тағы да екі гол соқса, Александр Штеле де құр кеткен жоқ. М.Пахомов биылғы маусымдағы гол санын 64-ке жеткізді.

Осылайша Николай Шавалдиннің шәкірттері 5:1 есебімен жеңіске жетті. Оралдықтар өз айдынындағы бәсекелердің бәрін жеңіспен аяқтап, бірде-бір ұпай жоғалтқан жоқ.

Қазіргі кезде екінші топта көш басындағы «Маякта» 54 ұпай болса, одан кейінгі «Знамя-Удмуртияда» (Воткинск) 53, «Ақжайықта» 52 ұпай бар. Жоғары лигадағы финалдық сайыстарға әр топтан үздік қос команда жолдама алады. Екінші топта жолдамаға кім ие болатынын соңғы қос ойынның нәтижесі шешеді. 20-21 ақпанда «Ақжайық» Орынборда «Локомотивпен», «Маяк» Первоуральскіде «СКА-Свердловск» командасымен айдынға шығады. Ал «Знамя-Удмуртия» Воткинскіде «Динамо-Қазан-2» клубын қабылдайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» көш бастаушы команданы ұтқанын жазған болатынбыз.





Жоғары қарай