Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 376.42
EUR 417.41
RUB 6.09
CNY 54.54

Діни уағыздың қаншалықты дұрыс бағытта екенін сараптап отыру қажет - Берік Бейсенұлы

2019 жылдың 30 қазан 2019 15:51

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Біреулер сәуегейлік танытып, «Салафизм – Құдай берген қасиетті іс» дейді. Бұл дұрыс емес. Мен жаман жақтары мен жақсы жақтары жайлы айтқым келеді. Журналист Берік Бейсенұлы осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Берік Бейсенұлының айтуынша, діннің сыртқы сипатына басымдық беріліп, нағыз ішкі рухани жағына зияны тиді. Имандылық жайлы айтылмай, сақал өсіру жайлы үгіт-насихат белсенді жүргізілді. Шындығында киім сияқты сыртқы мәселелер маңызды емес.

«Уағыз» деген желеумен халықты «дін ұстанатындар» мен «дін ұстанбайтындарға» бөлді. Әсіресе жастар арасында. Салафизм шейхтері «теледидар харам» деп пәтуа берді, алайда өздері онда сөйлеуге қарсы болмады. «Теледидар көруді, фотоға түсіп, ән айтуды харам» деді. Салафизм насихаты кезінде тойлар қаралы жиынға айналды. Мейрамда қуану, қайғыда мұңаю керек. Міне дұрыс ислам осы»,- деді Берік Бейсенұлы.

Оның ойынша, Салафизм қозғалысының қателігі – оның үндеуінің қатыгездігінде.

«Мұның бәріне себеп – Сауд Арабиясы корольдігі мүфтиятының үлкен ғалымдары кеңесінен алшақтауы, тәжірибе мен білімінің жоқтығы. Біздің үндеуіміз ізгілікті, рақымды дінге қарсы келдік, адамдарға қысымшылық келтірдік. Сауд Арабиясы корольдігі халқы алдында салафизм қозғалысы атынан кешірім сұраймын». Бұл салафизм бағытындағы көрнекті тұлғалардың бірі шейх Аид әль –Карнидің сөзі. Бұдан шығатын түйін не? Әлемдік қауіпсіздікке үлкен қатерін төндіріп отырған қозғалыстың белді басшыларының бірі ақыры өз қателігін мойындады. Уақыт өте келе мұсылман әлемінен кешірім сұрады. Бірақ енді кеш. Неге? Өйткені бұл қозғалыстың қылмыстық әрекеттері қазір ғаламды кезіп жүр. Қаншама азаматтар шейх айтқандай, білімдерінің таяздығынан осы ағымға еріп, соқыр сенімге бой ұрды. Бұл әсіресе жастарға тән. Қаншама жастар ағайын-туыстан жеріді, ата- анадан іргесін аулақ салды. Оған кім кінәлі? Әрине, өзіміз. Жоқты-барды, ақты-қараны нақтылап уақытында көрсете алмадық», -дейді журналист.

Берік Бейсенұлының пікірінше, діни уағыздың қаншалықты дұрыс бағытта екенін бағамдап, сараптап отыру қажет.

«Жалпы бұл жайтты қарапайым мысалмен келтірер болсақ, жастардың дұрыс діни жолда келе жатқанын айтып отыратын көкірегі ояу қарт қажет. Ауыл ақсақалы керек. Ауылдан, орта мектептен түлеп ұшқан бала ес жияр шақта қалаға келген сәтте, жоқ нәрсенің орнын рухани азық ретінде дінмен толтырғысы келеді. Ал діннің бәрі діңгек пе?! Негізі «баланы жастан», деп бекер айтпаған ел едік қой. Рухани жаны терең, жады мықты, отаншылдық рухпен тәрбиеленген бала немесе отбасында қазақы тәрбиені бойына терең сіңіріп өскен жас ешқашан адаспайды»,-дейді ол.

Сонымен қатар, Берік Бейсенұлы дін мәселесі өте нәзік екендігін, абайламаса, бақыламаса болмайтынын атап өтті.

«Тарихтан белгілі, дінаралық соғыс талай мемлекеттің іргесін шайқалтқан. Отбасындағы дінаралық сан алуан көзқарас талай шаңырақты ортасына түсірген. Бала әкеден безіп, ата мен ана көз жасын көлдей қылған. Мұның барлығы мемлекеттік бақылаудың болмауынан, отбасында ұлттық құндылықтардың олқы соғуынан орын алды. «Қай жерде қателік жібердік?» деген сауалға берер жауап осы. Қазір Аллаға шүкір, мемлекет тарапынан бақылау бар. Жастар да діни ағымдардың сан алуан саясатын, мәселенің ақ-қарасын аңғара бастады»,- деп сөзін түйіндеді ол.

Автор Алма Мұқанова
Басты сөздер: Алматы, Дін,
Жоғары қарай