Ауа райы
Астана 21 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Діни білімнің таяздығы адасуға себеп болады

2019 жылдың 7 қазан 2019 17:51

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білікті, алғыр әрі жалынды жастардың қолында екені сөзсіз. Қай заманда да қоғамның негізгі қозғаушы күші – жастар. Бүгінде дүниежүзі халқының 25% - жастар болса, жер шарындағы жастардың 80% дамушы елдерде тұрады.

Әлеуметтану ғылымы тілімен сөйлесек, жастардың өмірлік ұстанымы толық қалыптасып үлгермеген. Ой-пікірі құбылмалы, тез өзгеріп кетуі мүмкін. Соған қарамастан қоғамның ең белсенді де жас бөлігінің діни көзқарасы күрделеніп барады.

Бүгінгі таңда Қазақстандағы діни жағдай тұрақты. Дегенмен, Қазақстан қоғамына діннің айтарлықтай ықпалы бар екенін ұмытпаған жөн. Соңғы жылдары халқымыз діни экстремистердің сұмдық әрекетімен алғаш рет бетпе-бет келді. Ақтөбе, Атырау, Тараз, Алматы қалалары мен Маңғыстау облысында орын алған шетін жағдай жұртты дүр сілкіндіріп, құзырлы органдардың бақылауына алынды. Осы оқиғаларды «діни астары жоқ» деп айтуға болмас және оған қатысы бар адамд ардың дені - 17-25 жас аралығындағы жастар болып тұр.

Әдетте діни экстремизмге қоғамдағы дәстүрлі діннің құндылықтарын жоққа шығару, жат идеяны белсенді насихаттау, зайырлы қоғамға қарсылық таныту, қоғамға белгілі бір діни конфессия туралы түсініктер мен көзқарастарды насихаттау сынды әрекеттер жатады. Бүгінгі күні әлемде діни экстремизм қанатын кеңге жайып, халықаралық деңгейге жетті. Дәл қазір халықаралық экстремизм және терроризммен күресті күшейту үшін әлемдік қоғамдастық жұмылдырыла бастады. Әлемдегі кез келген мемлекет бұл кесапатқа қарсы күресті жеке өзі жүргізе алмайды. Сондықтан, заң аясындағы діни экстремизмге қарсы күрес шаралары діни сауатты арттыру, діни ұйымдар мен ағымдардың міндеттерін бақылау, ел ішінде дін туралы хабарламаларды түсіндіру, БАҚ арқылы діни экстремизмнің зияны мен қоғамға тигізетін қасіретін жеткізу, құқық қорғау органдары арқылы елдегі ағымдар мен ұйымдарды қатаң бақылауға алуды одан әрі жетілдіру қажет.

Сондай-ақ, елімізде тыйым салынған террористік ұйымдардың қатарында «Хизбут Тахрир», «Таблиғи жамағат», «Шығыс Түркістанды азат ету ұйымы», «Аль-Каида», «Талибан», «Өзбекстанның ислам қозғалысы», «Мұсылмандық бауырластық», «Джихадтың ислам одағы» сынды қауіпті ұйымдардың бар екені ұдайы хабарлануы керек.

Жастардың діни сауатын қалыптастырып, діни білімін арттыру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Еліміздің мектептерінде «Дінтану негіздері» пәні оқытылады. Алайда сол пәнді оқытатын мамандар жеткіліксіз. Дінтану пәнін кәсіби мамансыз оқыту - үлкен қателік.

Бүгінде иманға бет бұрған жастарды мешіттерден жиі кездестіреміз. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай. Бірақ сол жастардың діни санасы мен білімі қалыптасқан ба? Сондықтан, оқушылар мен студенттерге дінтану және құқық сабақтары жүйелі өткізіліп, тиісті органдардың қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізуі тиіс. Сонымен қатар, жастардың шет мемлекеттердегі теологиялық оқу орындарына заңсыз кетуіне жол бермеу керек. Бұл халықтың рухани білімге деген сұранысынан туындап отыр. Әйтсе де, шетелдік медреселерді қаржыландыру, елге оралған соң жергілікті діни ұйымдарға жұмысқа орналасу мүмкіндігінің барлығы жастардың сырт елдерде білім алуға ұмтылуына себеп болуда.

Бүгінгі жастардың дүниетанымы мен ой-өрісі, өмірге көзқарасы әрқилы. Осы тұрғыда жалпыадамзаттық рухани-адамгершілік құндылықтарды басты орынға қойса, жастар ұтылмас еді. Онсыз тұлға толыққанды қалыптаспайды. Жастардың бойындағы жаман қылықтарға қарсы тұратын құндылықтарға дін, руханият, адамгершілік және ұлттық тәрбие жатады. Ұлттық тәрбие адам бойындағы ар-намыс, Отанға деген сүйіспеншілікті оятса, дін сабырға, төзімділікке, өзгелерге түсіністікпен қарауға үйретеді. Бұл әсіресе көпэтносты Қазақстан үшін өте маңызды.

Діни білімнің болмауы, шала сауат экстремизмге әкеліп соқтырады. Жастардың білім көкжиегін кеңейтіп, адамгершілік тәрбиеге діни құндылықтарды пайдаланудың, сондай-ақ, дін мен мектепті шебер байланыстырудың бүгінгі заманда оң нәтиже берері сөзсіз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қоғам, мемлекет және дін қызметкерлері жастарды дұрыс тәрбиелеуге күш жұмылдырса ғана көздеген мақсат айқын, болашақ жарқын болады.

Елбасының Жарлығымен ҚР Дін істері агенттігі, соның ішінде Дін істері департаменттері құрылып, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы қабылданды. Дін істері департаменті мен өзге де мемлекеттік органдар жастар мен жасөспірімдердің арасында діни экстремизмнің алдын алу бойынша бірлескен іс-шаралар өткізуде. «Жусан» операциясы арқылы отандастарымыз оралып жатыр. Бұның өзі үлкен қадам. Қорыта келгенде, жастардың бойына ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық сияқты адами қасиеттерді бала кезінен сіңіруде отбасы мен білім беру ұйымдары шешуші рөл атқарады.

Марат Ізмағанбетов

ұстаз

Жоғары қарай