Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Димаш Құдайбергеннің «DIMASH DIGITAL SHOW» концерті қайтадан көрсетіледі

2021 жылдың 20 қаңтар 2021 10:02

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Димаш Құдайбергеннің алғашқы онлайн концерті жанкүйерлерге керемет әсер сыйлады. Көптеген Dears-тің өтінішіне байланысты шоу 31 қаңтарда Нұр-Сұлтан уақытымен 20:00-де қайтадан көрсетіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат Dimashnews.com-ға сілтеме жасап.

Tixr стриминг платформасы мен Димаш «DIMASH DIGITAL SHOW» концертінің қайталауын көрсетеді, бұл қазақстандық орындаушы шығармашылығының жанкүйерлеріне барлық біріккен Dears-тің сиқырын сезіне отырып, онлайн-чатта тағы да жүздесулеріне мүмкіндік береді.

Билеттері бар жанкүйерлерге қайтадан билет сатып алудың қажеті жоқ. Олар бис шоуды қолда бар билеттер бойынша тамашалай алады. Оларды сатып алуға әлі үлгермеген жанкүйерлер 31 қаңтарға дейін сатып алуы керек.

Бұдан басқа, 31 қаңтар күні Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 22:30-да «DIMASH DIGITAL SHOW» көрсетілімінен кейін көптен күткен «Post-Show Q&A session» тікелей эфирі өтеді. Шара барысында жанкүйерлер Димашты көруге, оған сұрақтар қоюға, онлайн-концерт туралы әсерлерімен бөлісуге, сондай-ақ әртістің жоспарлары туралы білуге мүмкіндік алады.

Еске сала кетейік, Димаш Құдайбергеннің онлайн концертін 100 елдегі жанкүйерлер тамашалаған болатын. DIMASH DIGITAL SHOW Димаштың коронавирус пандемиясы басталған сәттен бергі алғашқы жаһандық өнер көрсетуі болды.

Айта кетейік, жақында ғана АҚШ президенті Джо Байденнің инагурациялау апталығының ашылуына арналған салтанатты іс-шарада Димаш Құдайберген қазақтың «Самалтау» халық әнін орындаған еді.

Жоғары қарай