Ауа райы
Астана 24 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 399.67
EUR 452.95
RUB 5.82
CNY 56.36

Диқандар Бердібек Сапарбаевқа түйіткілдерін жеткізді

2020 жылдың 1 сәуір 2020 06:34

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Байзақ ауданына жұмыс сапарымен барып, көктемгі егіс жұмыстарының дайындық барысымен танысты, егін шаруашылығын дамытудағы өзекті мәселелерді талқылады. ҚазАқпарат бұл туралы аймақ басшысының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Облыс әкімі алдымен аудандағы ірі шаруа қожалықтарының бірі «Аспан агроға» ат басын бұрды. Қожалық басшысы Саха Манатовтың айтуынша, шаруашылықтың 1500 гектар жері бар. Оның 600 гектары өзінің 200 бас мүйізді ірі қарасына арналған жайылым алқабы. Сондай-ақ, шаруа қожалығы өз жылыжайында көкөніс өсірумен айналысуда. Қызылша, жүгері, бидай және алма өсіру ісін де жолға қойған.

«Аспан агро» мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасының алғашқы қатысушыларының бірі. Саха Манатов мемлекеттік қолдау шаралары тиімділігін алға тартып, лизингке ауыл шаруашылығы техникасын және жыл сайын қызылша өсіру үшін субсидияға қол жеткізіп отырғанын айтты.

«Қазіргі 110 гектар жерге қызылша отырғызу жұмыстарын бастап кеттік. Келісім шарт арқылы «Тараз« ӘКК тұқыммен қамтамасыз етуде. Ол үшін тиісті қаржыны өнімді жинағаннан кейін қайтарамыз», - деді ол.





Шаруашылық басшысы қызылшасын ешқайда өткізе алмай қалатынынан қауіптенетінін жасырмады. Оған себеп қызылша өсірушілер мен Меркі қант зауыты арасындағы мәселенің әлі күнге толық шешілмегендігі болып отыр. Облыс әкімімен кездескен басқа да тәтті түбір өсірушілер осы түйткілді көтерді.

«Диқандарға қант қызылшасының егіс алқабын кемітуге болмайды. Меркі қант зауытына қатысты мәселе менің жеке бақылауымда. Зауыт басшылығымен арнайы кесте жасалды. Кесте бойынша олар өз берешектерін толық төлеуге тиіс. Сәуір айының соңына дейін бұл мәселе шешілуі керек», - деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ, аймақ басшысы субсидия көлемінің ұлғайғаны туралы тілге тиек етті. Бұл жаңалық байзақтықтарға жігер сыйлап, шаруалар қызылша өсіруді белсенді түрде жалғастыратындарына сендірді. Олар 250 шаруашылықты қамтитын облыстың қызылша өсірушілерінің қауымдастығы құрылатынын жеткізді.





Фермерлер химиялық тыңайтқыштарға қол жеткізу оңай еместігін алған тартты. Олар тыңайтқыштарды келісімшарт арқылы жергілікті химиялық зауыттардан алуға ниетті екендіктерін, ал ақшаны өнімді өткергеннен кейін қайтарғысы келетіндіктерін жеткізді. Аймақ басшысы бұл мәселені қарастыруға уәде берді.

Бердібек Сапарбаев өңірдегі су арналарын, дренаждық жүйелер мен құрылыстарды қайта жаңғырту барысымен танысты. Ауданда «Түймекент», «Дөңсары», «Өтеген», «Ұзын» ішкі шаруашылық каналдарын қамтитын «Байзақ» магистралды каналы бар. Қазір оларды тазалаумен «Талас-Аса» су шаруашылығы кәсіпорнының базасындағы механикалық жасақ айналысуда. Бөгет салынып, су тораптары жөнделуде. Оның жалпы сметалық құны 700 миллион теңгені құрайды. Облыс басшысы жобалаушы мен техникалық қадағалаушылардың жұмысына наразылық білдіріп, олар ескермеген көп кемшіліктерге көңіл бөлді.








Жоғары қарай