Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Дихан Қамзабекұлы: «Елдіктің жеті тұғырын» тиянақтау мен тұлғаландыру – жаңа буынға аманат

2021 жылдың 24 қараша 2021 11:58

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Елдіктің жеті тұғырын» тиянақтау мен тұлғаландыру – жаңа буынға аманат. Бұл туралы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ел дамуы да, қоғамдық-саяси даму да бір орында тұрмайды. Өмірдің өзіндей өзгереді. Сараланып салаланады, жаңарып жаңғырады. Сондай бір тарихи жаңару бастамасын 23 қазанда «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысына онлайн жүйесінде қатыса отырып көрдік. Сол күні елордағы партия филиалы шаңырағына едәуір зиялы жиналған еді. Көшбасшы Н.Ә.Назарбаев: «Адамның өзгеруімен бірге оның санасы, құнылықтар туралы көзқарасы, әлем мен болашақ жөніндегі түсінігі өзгереді. Әлем трансформацияланып, оның жылдамдығына көз ілеспейді», - дей отырып, соңғы 30 жылдағы Қазақстанның бел-белесін байыптап, елдік мұрат пен мақсаттың алдында тұрған сын-қатерлерден аман өтудің жөн-жобасын ортаға салды», - деді ҚР ҰҒА академигі

Оның атап өтуінше, Елбасы жаңғыруға мүдделі «Nur Otan» партиясының 5 қағидатын нақтылады. Олар: уақытпен қатар қадам басу, халық мүддесін ойлау, нәтиже жолындағы нақты мақсат пен айқын жол, тастай береке-бірлік, қоғамды ел көкейінен шығатын құндылықтарға ұйыстыру.

«Осы бес «асыл істің» мәні – елдің «көйлегін көк, тамағын тоқ» ету. Турасын айтсақ, әл-ауқатты, тегеурінді Қазақстанның бойын тіктеу, беделін көтеру. Елбасының мына ойы көкейкесті естілді: «Тәуелсіздікті сақтау және мемлекеттілікті нығайту – біздің болашақ ұрпақ алдындағы парызымыз». Әлбетте, мұны әлі талай буын айтатын болады. Өйткені қазір де, болашақта да бұл – елдік және отаншылдық өлшемі ретінде айшықтала береді», - деді Дихан Қамзабекұлы.

ЕҰУ проректоры осы орайда Тұңғыш Президент бұған дейін әлеуметтанушы, қоғамтанушы қауым бажайлай қоймаған бір тосын пайымды жария етті.

«Отыз жылда 9,5 миллионнан астам сәби дүниеге келді. Олардың алдыңғы шебі орда бұзар отызға толып отыр. Бұл – көзі ашық, көкірегі ояу, санасы азат, ойы озық жаңа буын». Ойлана қарасақ, шынында осы сан - халықтың тең жарымы екен-ау. Міне, атқарушы биліктен де, заң шығарушы биліктен де, сот жүйесінен де, қайнаған қоғамнан да жаңаруды, әділеттікті, шынайылықты, өркениет әлемімен қатар жүруді тілеп отырған – осы жаңа буын. Олар аға буынның айнасынан өзін таба алмайды. Тіпті сол айнадан аға буынның өзі де жақсылыққа, жаңалыққа ұмтылып, ертеңге сеніп күлімсіреп тұрса дейді. Сөзбұйда да, әлем-жәлем мақтау мен масаттану да, жалған есеп пен жадағай мүләйімсу де – кешегі күн. Халықтың бір ескі сөзі бар: «Бір өтіріктің артында қырық өтірік болады» деген. Қоғамның бұл сынын «Nur Otan» партиясы тереңінен сезінеді деп ойлаймыз», - деді ол.

Дихан Қамзабекұлы Елбасы сол жиынды жоғары билік тансформациясының жаңа кезеңі - «Nur Otan» партиясы тізгіні ел Президенті қолында болуы керектігін де қадап айтқанына назар аудартады.

«Бұл рәсімнің Жарғы тәртібіне сай өзіндік қатаң регламенті болса да, партия дамуының жаңа белесі ретінде жарияланғаны қоғамды елең еткізді деп санаймыз. Осы орайда Нұрсұлтан Әбішұлы «Мәңгілік ел» мұратын тұрлаулы етудің жеті тұғырын есімізге салды. Олар: тәуелсіздік, бірілік пен келісім, қасиетті жер, отбасы мен салт-дәстүр, ұлт мәдениеті, білім мен еңбек, прагматизм. Елбасы мұны «Елдіктің жеті тұғыры» деп атады. Әлбетте, бұл тұғырды тиянақтау мен тұлғаландыру – жаңа буынға аманат. Түптеп келгенде, бұл – тоғыз миллионның елшілдігі мен кәсібилігін анықтайтын көрсеткіш болып бекитіні сөзсіз. Осы жолда білім және ғылым саласының алдында зор мемлекеттік және қоғамдық міндеттер тұр. Мұны кезең-кезеңмен, жүйесімен орындауда намысты, жауапты азаматтар аянып қалмайды деп ойлаймыз», - деп түйіндеді ойын ЕҰУ проректоры


Жоғары қарай