Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 388.70
EUR 428.70
RUB 6.08
CNY 55.46

Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектің шекті бағасын жылына екі мәрте тексермек

2019 жылдың 14 наурыз 2019 17:08

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда осы жылдың сәуір айында дәрі-дәрмектердің бағасын реттеу туралы заң күшіне енгелі жатыр. Заңға сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектің шекті бағасын жылына екі мәрте - қаңтар және шілде айларында тексеретін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз білетіндей, өткен жылдың желтоқсан айында Мемлекет басшысы тиісті заңға қол қойып, оған сәйкес Денсаулық сақтау министрлігіне барлық дәрі-дәрмек бойынша бағаларды реттеу құзыреті берілген болатын. Аталған норма осы жылдың сәуір айында күшіне енеді. Қазіргі уақытта жеңіл репрессивті сипаты бар дәрі-дәрмектердің бағаларын реттеу ережелерін бекіттік. Оған сай біз шекті бөлшекті бағаларды белгілейтін боламыз», - деді ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова.

Комитет төрайымының айтуына қарағанда, дәрі-дәрмек бойынша шекті бағаларды бұзу немесе дәрілік заттардың бағасын асыра сату бойынша ережені бұзғандар үшін әкімшілік жаза тағайындалады.

«Яғни, жаза субъект санатына қарай 70 АЕК-тен 1000 АЕК-ке дейінгі айыппұл мөлшерінде болады. Тіпті фармацевтикалық жұмысты тоқтатуға дейінгі жаза бар. Біздің елде бүгінгі таңда 8 мыңға тарта дәрі-дәрмек түрі сатылып жатыр. Қазір олардың 5500-нің бағасы белгіленді. Сонымен бірге, жүргізілген жұмыс барысында препараттардың 10 пайызы тіркеу куәлігі болғанына қарамастан, елге әкелініп, сатылмағанын анықтадық. Десе де, бұл өндірушілермен тиісті жұмысты жүргіземіз», - дейді ол.

Людмила Бюрабекованың айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектердің шекті бағасын жылына екі мәрте - қаңтар және шілде айында (әр айдың онына дейін) белгілейтін болады. Екі мәрте тексеру компанияларға дәрі-дәрмектердің бағасын дәлдеп алуға мүмкіндік береді.

«Фармация комитетінің басты мақсаты - халықты қолжетімді әрі сапалы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. ҚР аумағында мемлекеттік тіркеуден өтпеген дәрілік заттар мен медициналық препараттарды сатуға тыйым салынғанын білесіздер. Дәрі-дәрмектердің мемлекеттік тіркеумен біздің комитеттің сарапшылық ұйымы, Ұлттық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар орталығы айналысады. Ол ұйымдар дәріні тіркеу немесе қайта тіркеу кезінде сараптама процедурасын жүргізеді», - дейді комитет төрайымы.

Людмила Бюрабекованың сөзіне құлақ ассақ, сараптама үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең - бастапқы, тіркеу құжаттамасының сараптамасы. Екінші кезең - ғылыми мамандандырылған сараптама. Ол кезеңде фармацевтикалық және фармакологиялық комиссия препараттың тіркелетіні немесе тіркелмейтінін анықтайды. Үшінші кезең - лабораториялық сынақ болып табылады.

Жоғары қарай