Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ДДҰ әлем елдерін коронавирус вакцинасын патенттік қорғауды тоқтатуға шақырды

2021 жылдың 8 мамыр 2021 11:31

ЖЕНЕВА. ТАСС-ҚазАқпарат – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем елдерін өндірісті көбейту мақсатында коронавирус вакцинасын патенттік қорғауды тоқтатуға шақырды. Бұл туралы Женевада брифингіде ДДҰ бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Ол сәрсенбі күні таралып кеткен АҚШ-тың «COVID-19 вакциналарын зияткерлік меншікті қорғау құқықтарынан уақытша ала тұру» туралы хабарламасын оң қабылдады. «Біз басқа елдерді осы үлгіге еруге шақырамыз», - деді бас директор. Ол қазіргі әлемдегі эпидемиологиялық ахуалды «теңдессіз әрекеттерді талап ететін теңдессіз дағдарыс» деп бағалады.

ДДҰ басшысы атап өткендей, «қазір әр апта сайын әлемде 100 мыңға жуық адам қайтыс болуда, біз созылмалы вакцина дағдарысын кешудеміз». Ол Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында «осындай жағдайларға арналған» зияткерлік меншік құқықтарын алу мүмкіндігі қарастырылғанын еске салды. «Бұл мүмкіндікті қазір қолданбасақ, қашан қолданбақпыз?» - деді Гебрейесус.

Патентті қорғауды тоқтату вакцина жасау технологиясымен бөлісуге ұласуы тиіс. Ұйым мемлекеттерді технологияларды беруді қолдап, технологиялар және ноу-хаумен бөлісу үшін «өндірушілерді ынталандыру жолдарын ұсынуға» шақырды. Бұдан бөлек, ДДҰ вакцинаның көп көлемі бар елдер COVAX коронавирус препаратына қолжетімділік механизмі арқылы оны сыйға береді деп күтеді.

COVAX – ДДҰ Вакциналар мен иммундау жөніндегі жаһандық альянсы және Эпидемияларға дайындықты қамтамасыз ету саласындағы инновация коалициясымен бірігіп іске қосқан халықаралық механизм. Ол өндірістік күшті қалыптастырып, сатып алуды жүзеге асырады. Бағдарлама шарттарына сәйкес, табыс деңгейі жоғары мемлекеттер табысы төмен елдерге вакцина алып берді. Жоспарлар бойынша, механизм аясында 2021 жылдың аяғына дейін 2 млрд доза вакцина өндіріліп, әлем бойынша бірқалыпты таратылуы тиіс.


Басты сөздер: Вакцина, Коронавирус, Әлем, Қоғам,
Жоғары қарай