Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Дәурен Абаев Президент тапсырмасынан кейін қызметінен алынған әкімдер туралы айтты

2021 жылдың 18 маусым 2021 10:49

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев «Ашық диалог» сұхбатының бұл жолғы санында Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау және Есіл аудандары әкімдерінің қызметінен алынуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Казахстанская правда» газетінде жарияланған «Заложники равнодушия» атты мақалада айтылған мәселеге назар аударып, тексеру қорытындысы бойынша оңтүстік өңірлерден қоныс аударғандарға дұрыс жағдай жасамаған екі ауданның әкімі қызметінен алынған болатын.

Дәурен Абаев сұхбат барысында бұл шара аталмыш келеңсіздікке қатысты Президент қабылдаған шешімнің бір бөлігі ғана екенін атады.

«Жалпы сіз айтып отырған мысалды «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының өмірде іске асуы деп айтуға болады. Бірақ әкімдерді қызметінен алу – Мемлекет басшысының бұл келеңсіздікке назар аударуының бір бөлігі ғана. Әрине, шенеуніктерді жазалап, жұмыстан алу журналистер үшін әрқашан тартымды ақпараттық себеп екенін білесіз. Бірақ мұның артында басқа да жұмыстар жатыр. Президент еңбек тапшылығы бар өңірлерден халықты көшіру ісінің сапалы атқарылуын тапсырған болатын», - деді Президент Әкімшлігі Басшысының бірінші орынбасары.

Дәурен Абаев бұл бағдарламаның мақсаты Оңтүстік пен Солтүстік арасындағы демографиялық теңгерімсіздікті жою екенін еске салды.

«Бұл жұмыс жоспарлы түрде, науқаншылдыққа салынбай, сан қуалап кетпей іске асуы керек. Қоныс аударушыларға жағдай жасау қажет. Бұл – аксиома. Бірақ қоныс аударушылар да жаңа ортаға бейімделіп, интеграцияға түсу керектігін түсінгені абзал. Тек әкімдікке шағымдана бермей, өз тағдыры үшін жауапкершілікті өз қолдарына алуы керек. Көбі сұрап жатыр. Аудан әкімдеріне неге қатаң жаза қолданылды? Оны да оңай түсіндіруге болады. Өйткені бұл бағдарлама адамдардың тағдырымен байланысты», - деді ол.


Жоғары қарай