Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Дәурен Абаев: Мемлекеттік бағдарламаларды бағалаудың жаңа өлшемдері енгізіледі

2021 жылдың 18 маусым 2021 11:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесін бөлінген қаражаттың жұмсалу деңгейімен өлшеу белең алып отыр. Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев «Ашық диалог» сұхбатында осындай ой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кез келген PR-маман сізге репутацияны жақсартудың ең жеңіл әрі төте жолы «жылдам жеңістерге» бағдарлану екенін растап береді. Бұл - қысқа мерзімге тиімді, қоғам жаппай мақұлдайтын шаралар. Сондықтан, көбінде мемлекеттік органдардың бұқаралық бастамалары жылдам жеңістерге бағытталады. Ал ұзақ уақыт бойы, мейлінші елеусіз жүретін жүйелік өзгерістің маңызы одан әлдеқайда зор. Бәрі «Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік қайда?» деп сұрап жатады. Дәл осы орган қайырымы аз іспен айналысып жатыр. Ондағы мамандар мемлекеттік реформалардың орындалу тәсілін өзгертуге кірісіп кеткен. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі мен іске асырылуын бағалаудың жаңа өлшемдері енгізілуде», - деді Дәурен Абаев.

Ол, сондай-ақ, соңғы кезде тиімділіктің басты өлшемі бюджетті игеру болып кеткенін еске алды.

«Ақша жұмсалған болса, қандай да бір нәтиже берді деп қабылдау қалыпқа айналған. Бұлай болмауы керек. Тағы бір мысал ретінде жоспарлау ісін алып қарайық. Есептерден жиі естиміз. Жоспарды 5 пайызға, кейде тіпті 10 пайызға асыра орындадық деп жатады. Бірақ бұл міндетті түрде жақсы іске асырылды деген сөз емес. Көбінесе оның басты себебі нашар жоспарлаудан туындап жатады. Тіпті кейде мақсаттық көрсеткіштерді нәтижеге икемдеп жіберу жайттары кездеседі. Сондықтан, қайталап айтамын, осындай қалтарыстардың бәрімен аталған агенттік айналысып отыр. Осы тұрғыдан алсақ, бұл әрине, қайырымсыз жұмыс болып көрінеді», - деді Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары.


Жоғары қарай