Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 454.18
RUB 5.81
CNY 57.66

Дариға Назарбаева: Аймақтар күнін өткізудегі мақсат - халықты толғандырған мәселелерді шешу

2020 жылдың 10 наурыз 2020 18:56

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Дариға Назарбаева аймақтар күндерін өткізудің мақсаты - халықты толғандыратын мәселелерді шешу екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін Дариға Назарбаеваның төрағалығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Бюро отырысы болды.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын сайлау туралы» ұсынысы күн тәртібіндегі алғашқы мәселе болды. Президент ұсынған кандидатуралар бойынша қорытындылар дайындау Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіне тапсырылды.

Сенат тағайындаған Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі мүшесінің өкілеттігін тоқтату және қызметінен босату, сондай-ақ Конституциялық Кеңес мүшесін қызметіне тағайындау күн тәртібіндегі келесі мәселе болды.

Отырыс барысында Сенат тағайындаған Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы мүшесінің өкілеттігін тоқтату және қызметінен босату мәселесі одан кейін қаралды. Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіне осы кандидатура бойынша тиісті қорытынды дайындау тапсырылды. Бюро мүшелері одан басқа Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының «Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі қызметіне тағайындау туралы» ұсынуын да қарады.





Бюро отырысында Мәжілісте мақұлданған заң жобалары комитеттерге бөлініп берілді. Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне еңбек және ана мен баланы қорғау мәселелері бойынша түзетулер енгізу жобалары бойынша бас комитет болып белгіленді.

Бюро отырысы барысында 12 және 19 наурызда өтетін Сенаттың кезекті отырыстарына дайындық талқыланды. Салалық комитеттердің төрағалары отырыстарда қарауға ұсынылған мәселелердің дайындығы туралы хабардар етті.

Бюро мүшелері сондай-ақ Сенатта Шығыс Қазақстан облысының күнін өткізуді де талқылады. Дариға Назарбаева аймақтар күндерін өткізудің басты міндеті – мемлекеттік бағдарламалардың өңірлердегі орындалу деңгейін айқындау, халықты толғандыратын мәселелерді жергілікті билікпен бірлесе отырып шешу жолдарын қарастыру екенін атап өтті.

Сенат жоспарына сәйкес биылғы 22 мамырда «Қазақстан Республикасында гендерлік теңдік пен отбасылық құндылықтарды дамыту» тақырыбы бойынша Парламенттік тыңдаулар өткізу жоспарланған болатын. Оны ұйымдастырып өткізу Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетіне жүктелді.





Басты сөздер: Парламент, Сенат, Қоғам,
Жоғары қарай