Ауа райы
Астана -10 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Дания билігі вирус таратуы мүмкін деген қауіппен қаракүзендерді қырып жатыр

2020 жылдың 6 қараша 2020 02:30

КОПЕНГАГЕН. ҚазАқпарат – Дания билігі коронавирустың мутациялана бастағанына алаңдап, елдегі қаркүзендерді қырып жатыр.

Олар 17 млн қаракүзенді қырып тастамақ. Дания үкіметінің бұл шешімі туралы осы елдің Премьер-Министрі Метте Фредериксен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еuronews порталына сілтеме жасап.

Ондағы деректерге қарағанда, коронавирус қаракүзендер арасында мутацияланып, артынан вирус адамдарға жұққан.

Данияның Денсаулық сақтау органдарының мәліметтеріне қарағанда, коронавирустың мутацияланған Sars-CoV-2 нұсқасы Солтүстік Ютландияда 12 адамнан анықталған. Оның қауіптілігі сонда, осы уақытта дайындалып жатқан вакцинаның әсерін әлсіретіп, вирустың Данияның өзге аудандарына және бүкіл Еуропаға тарауына ықпал етуі ықтимал.

Дания қаракүзен терісін өңдеуші ірі мемлекеттердің бірі. Осы уақытта елде мыңнан астам қаракүзен өсіретін шаруашылықтар бар. Дания билігінің дерегінше, коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайлары 200-ден астам фермада анықталған. Олардың үштен бірінде жануарлар толығымен жойылған. Қаракүзен өндірушілерге өтемақы төленеді.

Маусым айында аурудың тарауы шегіне жеткен кезде Нидерланд билігі терісі әдемі аңдардың барлығын жою жөнінде шешім шығарған.

Осыған дейін Данияның ветеринарлық қызметінің мамандары қаракүзендерді қыруға кіріскені хабарланған болатын.


Жоғары қарай