Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Даниал Ахметов: Ұлттық ядролық орталық қызметкерлеріне жағдай жасалуы тиіс

2021 жылдың 23 тамыз 2021 18:57

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Курчатов қаласындағы ҚР Ұлттық ядролық орталығының жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұрынғы Семей сынақ полигонының әскери-өнеркәсіптік кешенінің базасында жұмыс істейтін Ұлттық ядролық орталықты аралаған Нұрлан Ноғаев пен Даниал Ахметов «Байкал-1» кешенінің зерттеу реакторлары мен КТМ материалтану токамагы кешендеріне барды.

«Делегация мүшелері «Байкал-1» кешенінің ИВГ 1.М реакторын конверсиялау жөніндегі атқарылған ауқымды жобаның нәтижелі жұмысына баға берді. МАГАТЭ талаптарына сәйкес бұл жоба отын байытуды 20% деңгейіне дейін төмендетеді. Жұмыстар сәтті аяқталғаннан кейін мамандар реакторды іске қосуға және пайдалануға тапсырады. Қазір ИГР зерттеу реакторы кешенінде ауыр апаттарды модельдейтін эксперименттер жүргізілуде. 30 жылдан астам уақыт ішінде мұнда перспективалы реакторлардың қауіпсіздігін арттыруға қажет бірегей ақпараттар жинақталған», - деп хабарлады ШҚО әкімінің баспасөз қызметі.










Даниал Ахметовтің айтуынша, ҚР Ұлттық ядролық орталық қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасалуы тиіс.

«Бейбіт атомды зерттеу еліміз үшін де, ғылым үшін ерекше маңызға ие. Бұдан бөлек, ядролық орталықтың жұмысы біздің аймаққа да оң әсерін тигізетін болады. Сондықтан орталықтың қызметкерлері мен Курчатов қаласының тұрғындары үшін заманауи дене шынықтыру-сауықтыру орталығын және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар салу мәселесін пысықтап жатырмыз», - деді ол.

29 тамыз күні Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл толады. ҚР Энергетика министрінің айтуынша, осы күнге дейін полигонның ластанған жерлерінде ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» Заң қабылдау жоспарланып отыр.

«Бүгінгі таңда Ұлттық ядролық орталық мамандары полигон аумағын кешенді радиоэкологиялық зерттеуді аяқтады. Соның нәтижесінде мол ақпарат алынды. Енді аймақтың экологиялық проблемаларын шешу қажет», - деді Н.Ноғаев.














Жоғары қарай