Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Даму» қоры алғаш жасыл облигациялар листингін өткізді

2020 жылдың 11 тамыз 2020 13:45

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Даму» қоры алғаш жасыл облигациялар листингін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Astana International Exchange баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ жаңартылатын энергия көздеріне инвестициялау тәуекелдерін төмендету жөнінде БҰҰ ДБ-мен жасалған келісімнің шеңберінде АІХ-те 200 млн теңге сомасының «жасыл» купондық облигацияларын 36 ай айналу мерзімімен тіркеді және шығарды.

Купондық мөлшерлеме – 11,75%. Бұл орналастыру Astana International Exchange (АІХ) «жасыл» қағидаттарына сәйкес келетін бағалы қағаздардың алғашқы листингі және жалпы алғанда Қазақстандағы алғашқы жасыл облигациялар листингі болды», делінген хабарламада.

АХҚО жасыл қаржы орталығы жобаға толық сүйемелдеу көрсетті және эмитенттің Жасыл облигациялар саласындағы саясатының АІХ-тің Жасыл облигациялар жөніндегі саясаты мен ICMA-ның (Капитал нарықтарының халықаралық қауымдастығы) Жасыл облигациялар қағидаттарына сәйкестігін бағалауға негізделген екінші тараптың қорытындысы нысанындағы сыртқы шолуды ұсынды

«Қордың тартқан қаражаты «Даму» қорының Жасыл облигациялар саласындағы саясатының шеңберінде ЖЭК бойынша шағын ауқымды инвестициялық жобаларды іске асыратын кәсіпкерлік субъектілерін одан әрі кредиттеу мақсатында екінші деңгейдегі банктерде және микроқаржылық ұйымдарда орналастырылатын болады. Жоғарыда аталған келісімнің шеңберінде «Даму» қорының купондық мөлшерлемесінің қоса санаған 12% көлеміндегі бір бөлігін БҰҰ ДБ субсидиялайды. Жоғарыда көрсетілген келісімнің шеңберінде купондық мөлшерлеменің бір бөлігі БҰҰ ДБ тарапынан субсидияланатын болады. Бұдан басқа, БҰҰДБ сонымен қатар инвестициялық жобаларды іріктеуде техникалық қолдау көрсетеді. «Даму» қорының «жасыл» облигацияларын АІХ-те шығару және орналастыру бойынша лид-менеджер «BCC Invest» АҚ болып табылады», делінген хабарламада.

«Жасыл облигациялар бойынша біздің алғашқы эмитентіміз үшін қуаныштымыз. «Даму» қорының біздің жасыл қағидаттарымызға сәйкес келетін бағалы қағаздарының листингі жасыл экономиканы дамытуға қаражат тартатын басқа да ұйымдар үшін үлгі болады деп сенеміз», - деді АІХ басқармасының төрағасы Тим Беннетт.

«АІХ-тегі жасыл облигациялар листингі «Даму» қоры үшін «жасыл» қаржыландыру және микро, шағын, орта жеке бизнесті қолдау стратегиясын іске асырудағы маңызды қадам болды. Бұл шығарылым жаңартылатын энергия көздері мен энергия тиімділігі саласындағы жобаларды дамытуға және қаржыландыруға ынталандыратын болады деп сенеміз. «Жасыл» қаржыландыруға сұраныс артқан жағдайда, «Даму» қоры осындай жобаларға инвестициялауға арналған жасыл облигацияларды қосымша шығару мүмкіндігін қарастыруға әзір», - деді «Даму» қоры басқармасының төрайымы Гаухар Бөрібаева.

Еске сала кетсек, AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту шеңберінде құрылды. АХҚО, GoldmanSachs, Шанхай қор биржасы, Жібек жолы қоры және AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ AIX акционері қатарында. Биржа ағылшын жалпы құқық қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта шеңберінде жұмыс істей отырып, осы арқылы инвестициялаудың сенімді шарттарын қамтамасыз етеді.


Жоғары қарай