Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 31 °С
валюта бағамы
USD 413.12
EUR 452.86
RUB 5.82
CNY 57.92

COVID-19: Қазақстанда экспресс-тесттен кім өтеді

2020 жылдың 4 сәуір 2020 11:10

Қазақстанда COVID-19 коронавирус инфекциясына экспресс-тест өткізу үшін пациенттер арасында сауалнама жүргізіледі. Тест өткізу рәсімін оңайлату үшін ҚР ДСМ Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының https://formcovid.eisz.kz/index.html сайтында пациент деректері енгізілетін сауалнама үлгісі жасалды. Э пидемиологиялық іріктеу қорытындысы бойынша бірінші кезекте тесттен өтетін азаматтар санаты белгіленді.

Сонымен, алғашқылардың бірі болып тексеруден:

- медициналық көмек көрсетуге тікелей қатысатын жедел жәрдемнің, амбулаториялық ұйымдардың, ауруханалардың қабылдау бөліміндегі медициналық қызметкерлер;

- қауіп топтарының пациенттері: тыныс алу жүйесі ауруларымен диспансерлік есепте тұрған азаматтар, респираторлық белгілері бар, бірақ ауруханаға жатқызылмаған науқастар (жедел респираторлы вирустық инфекциялар, пневмония, науқаспен байланыста болғандар, автомобиль өткізу пункттері мен темір жолдардағы мемлекеттік шекара өткізу пункттері арқылы Қазақстанға кіретін азаматтар)

- коронавирустың алдын алу шараларына қатысатын орталық және жергілікті мемлекеттік органдар қызметкерлері ( Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Кеден қызметі, әкімдік қызметкерлері);

- карантин аймақтарының тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ететін кәсіпорындардың қызметкерлері (коммуналдық қызметтердің қызметкерлері, азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізу, көлік, ПИK, дезинфекциялау қызметтерін ұсынатын және т.б.);

- сонымен қатар эпидемиологиялық нұсқау бойынша басқа да азаматтарға өткізіледі.

Жалпы, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 220 000 адам экспресс-тесттен өте алады.

COVID-19 коронавирусына тестілеу сауалнамаларды іріктеу қорытындысы бойынша қатаң түрде белгіленген биоматериал жинау бөлімшелерінде өткізіледі, онда басқа талдаулар қабылданбайды.

Пациенттер қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында экспресс-тесттен өтетіндер белгіленген уақытта ғана шақырылады және қан тапсыру бөлімшелерінің алдында кезекте тұрғандар арасында 1,5-2 метр арақашықтық сақталуы керек. Ал ғимарат ішіне бір-бірден шақырылады. Ішке кіретін және шығатын пациенттер легі екі жаққа бөлінеді. Тесттен өту үшін пациенттің тіркеу куәлігі және бетпердесі болуы міндетті . Тест анонимдік сипатта және алдын ала сауалнама жүргізбей өткізілмейді.

Азаматтардан қан алу медициналық нұсқаулар бойынша, жедел жәрдем бригадалары (шұғыл шақыртулар), зертханалық қызметтердің мобильді бригадалары арқылы, арнайы жасақталған бөлімшелерде (тек шақыру бойынша), автоөткелдерде (ҚР аумағына сапарлап келетін азаматтар үшін), сондай-ақ стационарларда жүзеге асырылады.

Аталған жобаның шеңберінде пайдаланылатын тесттердің тиімділігі Денсаулық сақтау министрлігінің зертханаларында алдын ала валидациядан өткізіледі. Экспресс-тест бірнеше реагент жағылған тест-жолағы бар бір реттік пластик құрылғыдан тұрады. Тестілеу үшін күрделі құрылғы қажет емес. Талдауға қан саусақтан алынады, барлық пайдаланылатын аспаптар стерильді және бір реттік. Осындай тестілеу қорытындысы 15 минутта әзір болады.

Экспресс-тест арқылы коронавирус инфекциясы диагнозы қойылмайды, өйткені ол ағзадағы вирусты анықтамайды, тек қана вирусқа деген иммундық жүйенің реакциясын бағалайды.

Тест қанда SARS-CoV-2 коронавирусына (COVID-19) IgG/IgM кластары антиденелерін анықтауға сүйенеді. Инфекция жұқтырған сәттен 7-10 күннен соң бірінші IgM класты антиденелер бөдінеді. Олар аурудың жедел сатыда өрбіп жатқанын көрсетеді. Әрі қарай, инфекция жұқтырған сәттен 2-3 апта өткенде жұқтырылған инфекцияны және иммундық жауап қалыптасуын білдіретін IgG класты антиденелер бөлінеді.

Сонымен бірге, егер адамда IgM класының оң нәтижелі антиденелері (немесе IgM және IgG оң нәтижелі антиденелерінің екі класы да) табылса, онда инфекция 7-14 күнге жуық уақыт бұрын жұқтырылған. Бұл жағдайда, тесттен өткен адам бетперде тағып, оқшаулану және ауруханаға жату үшін жедел жәрдем шақырту керек.

Егер IgG класты оң нәтижелі антиденелер табылса – бұл осы адамның коронавируспен байланысы болғанын немесе иммунитет қалыптасу нәтижесінде осы инфекцияны өткергенін көрсетеді.

Теріс тест нәтижесін алу инфекцияның жоқ екенін немесе инфекцияны жақында жұқтырып, антиденелер әлі түзіліп үлгермегенін көрсетеді. Вирустың осылай тасымалдануы айналадағыларға қауіпті болуы мүмкін, сондықтан егер сіз карантинде болсаңыз, оқшаулану тәртібінде қала беру қажет және барлық алдын алу шараларын қадағалауыңыз керек. Карантин аяқталғанда инфекция жұқпағанына көз жеткізу үшін қайтадан тесттен өту қажет.

Экспресс-тест сенімділігі 90%-дан аспайды, сондықтан 10% дейінгі жағдайда жалған оң немесе жалған-теріс нәтиже беруі мүмкін. Диагноз қою үшін қолданылатын ең сенімді әдіс бұрынғыша коронавирус РНҚ анықталатын аңқадан алынған жағындының ПТР-талдауы.

Жоба «Cаби» қайырымдылық қоры мен Болат Өтемұратов қорының қаржылық қолдауымен іске асырылылады және мемлекеттік мекемелер базасында да, «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханалар базасында да жүзеге асатын болады.

ҚР ДСМ Баспасөз қызметі, press_mz@mail.ru 74-31-37, 74-32-41


Басты сөздер:
Жоғары қарай