Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

COVID-19-дың екінші толқыны екпіндей түсті

2020 жылдың 18 қазан 2020 01:49

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әлемді алаңдатқан қауіпті індеттің екінші толқыны біздің елден де айналып өтпейтін сыңайлы. Өткен тәулікте ғана 100 адамнан коронавирус анықталды. Қауіпсіздік шараларын күшейту, карантин талаптарын қатаңдату шаралары қолға алына бастады.

Барлық бұқаралық ақпарат құралдарынан короновирус инфекциясының таралу қаупі туралы қанша айтып жатқанмен, қатардағы жұрт сақтануға асықпайтын сияқты. Той-томалақ пен басқа да іс-шаралардың шектелгенін елемей келеді. Бұл елдегі эпидомиологиялық ахуалдың нашарлауына әкеп соқтыратын қауіпті қадам.

«Хабар 24» телеарнасы бүгінгі таңда коронавирус инфекциясынан 2 618 адам ем қабылдап жатқанын хабарлады. Олардың арасында 107 бала бары да айтылды. Стационарларда 2 042 науқас жатыр, 576 адам амбулаториялық жағдайда емделуде. Жалпы науқастардың арасында 81 адамның ахуалы нашар. Соның ішінде 14 науқастың ахуалы аса қатты ауыр деп бағалануда. 12 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр екен. Мұндай ақпараттардан сескенетін жұрт байқалмайды.

Елдің барлық аймағы карантин талаптарын күшейтуге кірісіп кетті. Бүгін Алматы облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерғали Сыдыманов 19 қазаннан карантинді қатайту туралы жаңа қаулыға қол қойды. Құжатқа сәйкес, облыс бойынша сыйымдылығы 50-ден астам қоғамдық тамақтану объектілерінің (асхана, дәмхана, кофехана, мейрамханажәне басқа да мекемелер) жұмысы тоқтатылады. Саны 15 адамға дейінгі кезекші топтарды қоспағанда, барлық мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысы, сондай-ақ барлық ойын-сауық объектілерінің – түнгі клубтардың, көрмелердің, бильярд және компьютерлік клубтардың, балалар ойын алаңдарының, жабық үй-жайлардағы батуттардың және басқа да ойын-сауық мекемелерінің жұмысы тоқтатылады. Сонымен қатар санитар дәрігердің қаулысымен бір отбасы мүшелерін қоспағанда, үш адамнан артық жүруге тыйым салу, сондай-ақ 65 жастан асқан азаматтардың көшеге шығуына шектеу күшіне енеді. Ойын-сауық спорттық іс-шараларын, көрмелерді, форумдарды, конференцияларды, семинарларды, сондай-ақ адамдар көп жиналатын отбасылық, естелік және салтанатты іс-шараларды өткізуге толық тыйым салынады.

Ақмола облысында да шектеу шаралары күшейтілді. Әсіресе жасы 65-тен асқан адамдардың үйден шықпауына кеңес берілді. Себебі соңғы күндері коронавирусқа шалдыққандардың көбі егде жаста дейді эпидемиологтар. Мұнда да мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелер жұмысшыларының 80 процентін онлайнға жұмысқа көшірді. Ал сенбі-жексенбі күндері ғибадат орындары жабық болады. Ірі сауда орындары мен базарлар демалыс күндері жұмыс істемейді. Шектеу шараларын күшейтуге өңірде вирус жұқтырғандардың 28 процентке көбеюі себеп.

Солтүстік Қазақстан облысында короновирус жұқтырғандар саны күннен күнге көбейіп бара жатқанын да «Хабар 24» телеарнасы хабарлады. Мәселен, соңғы аптада өңірде 40 адам дертке шалдыққан. Оның бесеуі көрші Ресей елінен келгендерден анықталып отыр. Осыған байланысты өңірде 16-қазаннан бастап карантин талаптары күшейтілді. Яғни, адам көп шоғырланатын жерге баруға тыйым салынды. Сауда орындары, монша мен фитнес орталықтарының жұмыс уақыты қысқартылды. Ал тамақтану орындарындағы адам саны 30-дан аспауы тиіс. Сенбі-жексенбі күндері қоғамдық көлік жүрмейді. Жалпы айта кету қажет, бүгінгі күні облыста 6 елді мекен карантинге жабылған.

Айтпақшы, Алматыға шетелден ұшып келген үш жолаушыдан коронавирус анықталған. Сөйтіп әуежайда талап күшейтілгелі бері сырттан келген дертті жолаушылардың саны 10 адамнан асты. Қоғамдық бақылау және басқада саланың өкілдері Алматы әуежайына барып арнайы тексеріс жүргізді. Әлемде қауіпті індеттің екінші толқыны етек ала бастады. Сондықтан 6 қазаннан бастап Алматы әуежайындағы санитарлық-эпидемиялық бақылау күшейтілген болатын. Шетелдік рейстермен ұшып келетін адамдарға ПТР тестінен алдын ала өту қажеттілігі ескертілсе де анықтамасыз келіп жатқан жолаушылар әлі де бар.

Карантиндік шектеулерге қарамастан еліміздегі той-томалақ тыйылмай тұр. Ал сауда орталықтары мен дүкендерде санитарлық талаптардың сақталмайтыны байқалады. Қауіпсіздік шараларына қатысты заңбұзушылық бойынша Нұр-Сұлтан қаласы көш бастап тұр. Сондай-ақ Петропавл, Павлодар және Ақтөбе өңірлерінде де санитарлық талаптарды бұзған мекемелер жауапқа тартылды. Петропавлда 700-ден астам адам санитарлық талаптарды бұзғаны үшін жауапқа тартылды. Оларға 6 жарым млн теңге айыппұл салынған. Осыған байланысты полицейлер мен санитар мамандар қала бойынша рейдік шараларды күшейтіп отыр. Бұл жолы тексеру тобы дүкендер мен ірі сауда орындарын аралады. Ал демалыс күндері мейрамханалар мен көңіл көтеретін орындарға барады.

Павлодар облысында карантин режимін бұзудың 400 дерегі тіркелді. Олардың басым бөлігін волонтерлер анықтаған. Тәртіп сақшыларының айтуынша, мониторингтік топтардың жұмысы жемісін беріп отыр. Бүгінге дейін бес мыңнан астам рейд шарасы өткізілген. Волонтерлер түсіндіру жұмыстарын қолға алған. Халықты карантин режимінің талаптары туралы ақпараттандыру мақсатында «Жақыныңа жақын бол» акциясы ұйымдастырылды. Бір күннің ішінде карантин реимін бұзудың үш дерегі тіркелді. Ойын-сауық орындары жұмыс істеген. Тексеріс барысында бір жерде 50 адам жиналған. Оларға қатысты хаттамалар толтырылды. Бұдан өзге де карантин талаптарын сақтамағандар барлық аймақта тіркеліп отыр.

Осы аптада ПТР тесті нарықтағы нақты бағасын қайта қарау мәселесі көтерілді. Мамандар оның көмегімен жүргізілетін диагностиканың қызмет ақысы өте жоғары деп отыр. Мұндай пікір сарапшылар мен қоғам белсенділері қатысқан онлайн конференцияда айтылды. Бүгінде COVID-19-ға қатысты ПЦР тесті елімізде үш компания жүргізеді. Қызмет ақысы 11 мың мен 15 мың теңгенің аралығында белгіленген. Монополияға қарсы қызмет медициналық зертхана шығындарын талдай келе, оның құнын сегіз мың теңгеге дейін түсіруге ұсыныс жасаған. Егер ол қолдау таппаса, компаниялардың белгілеген қызмет ақысына қатысты тергеу басталмақ.

Әрине, ПЦР тестінің бағасы халыққа қолжетімді болғаны дұрыс-ақ. Одан бұрын қауіпті вирустан сақтанған абзал. Ауырып, оның емін іздегенше, ауырмаудың жолын тапқан әлбетте дұрыс болар еді. Санитарлық талаптар мен сақтық шараларына бей-жай қарауға болмайды. Осыны әрбір азамат түсінсе, түйсінсе қара бұлттай төнген қауіпке төтеп береміз.


Жоғары қарай