Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

CҚО-ның орманды алқаптарына биыл 2,5 млн көшет отырғызылды

2021 жылдың 16 маусым 2021 05:14

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының орман шаруашылықтары биыл көктемде 561 га жерге шамамен 2,5 млн қайың мен қарағай отырғызды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бейбіт Исманов атқарылып жатқан жұмыстар жайында есеп берді.

СҚО мемлекеттік орман қоры 549,6 мың гектарды алып жатыр. Оның 434,8 мың гектары - орманды алқап.

«Мемлекет басшысы 2020 жылғы қыркүйектегі Жолдауында 2 млрд ағаш отырғызуға тапсырма берді. Осыған орай СҚО-да 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленген. Осы аралықта облыстың орман шаруашылықтары 20 мың га жерге 116,5 млн ағаш отырғызуы керек. Биыл өңір орманшылары 850 га-ға көшет егуі керек. Көктемде 561 га аумаққа 2 млн 448 мың қарағай мен қайың отырғызылды. Осылайша көктемгі жоспарды 126 %-ға, жылдық жоспарды 66 %-ға орындадық», - дейді Бейбіт Исманов.

Күзде 289 га-ға 1,43 млн көшет отырғызу үшін орман шаруашылығы питомниктерінде 2,5 миллион қарағай мен қайың өсіріліп жатыр.

«Жоспарды орындау үшін уақытша питомниктер ашылды. Жыл сайын екпе материалын арттырып отырамыз. Мемлекеттік мекемелерде қазір 218 га аумақта 34 питомник бар. Болашақта тағы 75 га үлкейту жоспарланған. Алдағы жылдары жалпы ауданы 17,5 мың гектар жерге геоботаникалық зерттеулер жүргізіледі. Бұл болашақ орман алқаптарын анықтауға мүмкіндік береді», - дейді басқарма басшысы.


Жоғары қарай