Ауа райы
Астана -17 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Цифрлық даму министрлігі интернет сапасын тексеретін сайт ашты

2020 жылдың 10 қыркүйек 2020 13:24

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде интернет сигналының сапасын тексеретін «Байланыс бар» веб-сайты ашылды. Бұл туралы ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл сайт интернеттің әлсіз сигналын тіркеуге алады. Сайтқа кіргенде бір ғана батырма арқылы байланыс сигналын тіркеуге болады. Бұл деректер біздің министрліктің деректер базасына келіп түседі. Осылайша, қандай да бір елді мекен мен нақты геолокацияда байланыс сигналының әлсірегенін көре аламыз. Тиісінше, біз қадағалаушы орган ретінде операторлардан талап етеміз. Біз операторларға лицензия береміз және олар белгілі жағдай бойынша сапалы байланыспен қамтуға міндетті. Ал біз сапаны қадағалаймыз», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде.

«Сайтқа кез келген адам кіре алады және өз айналасындағы интернет сапасын тіркей алады. Барлық деректі жинаған соң, әрі қарай не істеу керектігін жоспарлаймыз. Өйткені, еліміздің аумағы орасан үлкен және біздің жоспарымыз операторлардың нақты мүмкіндіктерімен ұштасуы қажет», - деді Б. Мусин.

Бұған дейін министр интернеті жоқ ауылдар мен шатырға шығып сабақ оқитын балалар туралы пікір білдірген еді.


Жоғары қарай