Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

БҰҰ: Пандемия кезінде әйелдер зорлық-зомбылыққа жиі ұшыраған

2021 жылдың 25 қараша 2021 09:12

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – COVID-19 пандемиясы әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларының артуына әкелді. Жүргізілген сауалнама кезінде әрбір екінші әйел өзі немесе танысының отбасы мүшесі тарапынан қатыгездікке ұшырағанын айтты. Бұл туралы БҰҰ-ның Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықты жою бойынша күрес күні қарсаңында ұсынған жаңа баяндамасында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат БҰҰ-ның Жаңалықтар сайтына сілтеме жасап.

Баяндаманы «БҰҰ-әйелдер» құрылымы дайындаған. Ол 13 елде өткізілген сауалнамаға негізделген.

Сауалнама карантин кезінде үйде қамалған әйелдердің тағы бір пандемияның – зорлық-зомбылық індетінің құрбандары болғанын көрсетіп отыр.
«Осы қалыптасқан кері жағдайды жою үшін бірігіп күш жұмылдыруымыз керек», - деді «БҰҰ-әйелдер» құрылымының атқарушы директоры Сима Бахус.
Сонымен қатар зорлық-зомбылық құрбандары психикалық және эмоционалды күйзелістен 1,3 есе жиі зардап шеккені белгілі болды.
Әрбір төртінші әйел пандемия кезінде өзін өзін қорғансыз сезінген. Оның басты себебі – отбасы мүшелері немесе серіктерінің тарапынан көрсетілген жыныстық және физикалық зорлық-зомбылық.
Сауалнамаға жауап берген әйелдердің 40%-ы пандемия басталғаннан бастап жалғыз қыдыруға қорқатынын мәлімдеген. Бес әйелдің үшеуі қоғамдық жерлерде жыныстық қысым көрсету жағдайларының жиілегенін айтты.
БҰҰ-ның Бас хатшысы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты төмендету бағытында тиісті шаралар жасау қажеттігін айтты.


Басты сөздер: БҰҰ, Әлем,
Жоғары қарай