Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 11 °С
валюта бағамы
USD 375.87
EUR 406.24
RUB 5.84
CNY 53.45

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі Қазақстан енгізген дәстүр жалғасын тапты

2020 жылдың 3 қаңтар 2020 13:03

НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат - Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдігі БҰҰ штаб-пәтерінде қалыптасқан дәстүр бойынша ұйымның жаңа жылдың алғашқы жұмыс күнінде 2020-2021 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайланған елдердің ұлттық туын орнату кезекті ресми рәсімін ұйымдастырды. Бұл жөнінде ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жаңа тұрақты емес мүшелері ретінде Вьетнам, Эстония, Тунис, Сент-Винсент және Гренадиндер, сондай-ақ Нигер Республикасы келді.







БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне жаңа тұрақты емес мүшелердің жұмыс басталуының салтанатты рәсімін өткізу дәстүрі Қазақстанның бастамасымен 2018 жылдың қаңтарында оның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалығы кезінде орнатылды. БҰҰ-ға мүше мемлекеттер осы жаңа жаңалықты Қазақстанның «жарқын жеке карточкасы» деп атады.




«Қазақстанның бастамасымен БҰҰ құрылған сәттен бастап 75 жыл ішінде үшінші рет өткізіліп отырған бұл рәсімнің мақсаты – халықаралық қауымдастықтың сіздерге жүктелген жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаудың маңызды және қасиетті міндетін орындауға берілген мандатты мойындау. Сіздердің елдеріңіздің Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануы басқа 192 мүше мемлекеттің сіздің үкіметтеріңізге БҰҰ Жарғысының мұраттарын, әсіресе осы қиын-қыстау күндерде сенетінін айғақтайды», - деді іс-шараны бастау барысында Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров.




Ол Кеңестің жаңа тұрақты емес мүшелеріне осы дүниежүзілік ұйымның 75 жылдық мерейтойына орай биылғы мерейтойлық жылы сәттілік пен маңызды жетістіктер тіледі.

Рәсімге БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жаңа тұрақты емес мүшелерінің елшілері қатысты. Олар Кеңестегі жұмысының басымдықтары туралы қысқаша баяндама жасап, БҰҰ-ның осы негізгі органында салтанатты жағдайда жұмысқа кірісуге мүмкіндік берген іс-шараны ұйымдастырғаны үшін Қазақстанға үлкен ризашылық білдірді.

Қазақстанның бастамасынан бұрын Қауіпсіздік Кеңесінің залы алдындағы баспасөз қабырғасының жанында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тұрақты емес мүшелерінің туларын ауыстыруы техникалық рәсімі болды. Жаңа дәстүрді енгізуімен бұл рәсім БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің және әлемнің жетекші бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің кеңінен қатысуымен Кеңестің жыл-сайынғы бағдарламасының бірінші жұмыс күніндегі ресми іс-шараға айналды.







2019 жылы қаңтарда Қазақстанның Тұрақты өкілдігі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің тулары үшін Қазақстанда жасалған және қазақ ұлттық оюлармен безендірілген арнайы тұғырлар сыйлады.

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде екі жылдық жұмысын 2018 жылғы 31 желтоқсанда аяқтады.


Жоғары қарай