Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Бүлдіршіндерге арналған «Менің сүйікті кейіпкерлерім» атты ертегілер жинағы шықты

2020 жылдың 1 қазан 2020 14:33

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Balapan» телеарнасының 10 жылдығына орай «Balapan» әлемі» сериясымен «Менің сүйікті кейіпкерлерім» атты ертегілер жинағы жарыққа шықты.

Жинаққа телеарнаның үздік 10 анимациялық жобасының негізінде жазылған ертегілер енгізілген.

«Еліміздегі тұңғыш әрі жалғыз балалар арнасы «Balapan» биыл 10 жасқа толып отыр. Телеарна мерейтойына тарту ретінде кішкентай көрермендеріміз сүйіп көретін 10 үздік мультхикаяны ертегіге айналдырып, ұсынып отырмыз. Бұл - «Balapan» әлемі» сериясымен жарыққа шыққан алғашқы кітап. Көгілдір экраннан жақсы таныс кейіпкерлерді бүлдіршіндеріміз ертегілер еліндегі қызықты оқиғалар арқылы басқа қырынан танитыны анық.

Ертеңгі ел азаматын тәрбиелеуде өз қаһармандырымызды үлгі етуіміз тиіс екенін үнемі айтып келеміз. Осыны ескере келе кейінгі жылдары арна эфирінен отандық анимацияларды шығаруды қолға алсақ, енді ондағы қаһармандарды ертегі кейіпкеріне айналдырып отырмыз. «Balapan» арнасын сүйіп көретін көрермендер бұл кітапты да қызыға оқитынына сенімдіміз», - дейді «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.

Кітапқа «Пырақтар», «Күлкі іздеген Күнекей», «Ертемір», «Алан мен Қозықа», «Дала ойындары», «Әли мен Айя», «Ертегілер еліне саяхат», «Айдар», «Ерден атаның әңгімелері», «Қызыл мен Күлтегін» мультхикаяларының ертегі нұсқасы топтастырылды.

«Balapan» телеарнасының директоры Мақпал Жұмабайдың айтуынша, ертегілер жинағын шығарудағы басты мақсат - көрермен көзайымына айналған кейіпкерлер мен қаһармандар арқылы балаларды кітап оқуға қызықтыра отырып, кішкентай оқырмандардың көбеюіне ықпал ету және бұл бастама алдағы уақытта да жалғады.

«Балақайлар экрандағы сүйікті кейіпкерлерімен кітап беттерінде қауышып, ой-қиялдарын ұштай түспек. Ізгілікке, отансүйгіштікке баулитын, тілге жеңіл болса да терең мазмұнды ертегілер бүлдіршіндерді көркем де тартымды иллюстрациясымен де баурап алады деген үміттеміз. Алдағы уақытта да «Balapan» әлемі» сериясымен тұрақты түрде кітаптар шығаруды мақсат етіп отырмыз», - деді Мақпал Жұмабай өз сөзінде.

Жинақ алдағы уақытта «Balapan» көрермендеріне сыйға тартылып, облыс орталықтарындағы кітапханаларға таратылады, Сонымен бірге кітап дүкендеріне сатылымға шығарылады.


Басты сөздер: Білім, Қоғам,
Жоғары қарай