Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Бүлдіршін қызды құтқарған Сәбит Шонтақбаев Локомотив зауытына жұмысқа тұратын болды

2022 жылдың 11 мамыр 2022 20:12

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда әкімі Алтай Көлгінов 8-қабаттың терезесінен үш жасар бүлдіршінді құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаевпен ездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін өз өмірін қатерге тіге отырып, 8-қабаттың терезесінен үш жасар бүлдіршінді құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаевтың ерлікке пара-пар қадамына куә болдық. Ол елордаға осы жылдың мамыр айының басында Қызылордадан келген. Сәбитке осындай сәтте көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін алғыс айттым!
Өз тарапымыздан Сәбиттің отбасына тиісті көмек көрсетеміз. Білімі мен тәжірибесін ескере отырып, Локомотив зауытының («Локомотив құрастыру зауыты» АҚ) директорымен Сәбитті жұмысқа орналастыру туралы келістім. Бұрын ол осы сала бойынша ҚТЖ-да жұмыс істеген, мамандығы – вагон шаруашылығы. Бұл салада тәжірибесі бар» деп жазды астана әкімі Алтай Көлгінов Instagram-дағы парақшасында.

Қала басшысы батыл азамат Сәбитке елордаға біржола қоныстану туралы ұсыныс айтқанын мәлімдеді.
«Сол сияқты бүкіл отбасын елордамызға көшіріп әкелу туралы ұсыныс жасадым. Сәбит зайыбымен бірге 4 бала (3 ұл, бір қыз) өсіріп отыр. Жұбайын жұмысқа тұруына, ал балаларын мектепке және балабақшаға орналастыруға көмектесеміз. Осылайша ресми түрде жұмыс істей отырып, қызметтік тұрғын үйге үміткер бола алады, сондай-ақ өзге де тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алады. Демеушілер есебінен отбасының несиесін өтеуіне көмектесеміз, ал жазғы уақытта балаларына Бурабайға жолдама береміз» делінген жазбада.

Сондай-ақ, Алтай Көлгінов сөз соңында қала тұрғындарын сақтық шараларын толықтай сақтауға, балаларын қараусыз және үй терезесін ашық қалдырмауға шақырды.

Айта кетейік, бүгін таңертең елордада қызылордалық азамат 8 қабатта терезеден салбырап тұрған бүлдіршінді құтқарып қалды.
Бұл оқиғаның видеосы желіде кең таралып, Сәбит Шонтақбаевтың батыл әрекетіне көпшілік тәнті болды.
Одан кейін ТЖ бірінші вице-министрі генерал-лейтенант Күлшімбаев Ибрагим Сәбит Шонтақбаевты «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапаттады.



Жоғары қарай