Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Бұл індетті елмен бірге еңсеріп шығатынымызға кәміл сенемін - Ақылбек Күрішбаев

2020 жылдың 5 шілде 2020 13:15

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Халық болып, ел болып қатаңдатылған шектеу шараларын қолдау басты міндетіміз. Бұл туралы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Ақылбек Күрішбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай Үкімет 5 шілдеден бастап еліміз бойынша 14 күнге карантин жариялады. Жағдай бір қалыпқа келмесе карантин мерзімін ұзартылуы да мүмкін екендігін айтып отыр. Ия, еліміздегі қазіргі жағдай шынымен де мәз емес. Өкінішке қарай сырқаттанғандар саны күн санап өсу үстінде. Сондықтан шектеу режимін туралы Үкіметтің шешімін толықтай қолдаймын. Халқымыз мұны түсінуі керек. Жағдайды оңалтудың бірден бір жолы ол - шектеу. Әр адам өзінің денсаулығына жіті көңіл бөлуі тиіс. Талапқа сай тағы бір мәрте шыдамдылық танытсақ, бұрынғы күнімізге шынымен де тез ораламыз. Ол - шындық. Әйтеуір осы індетті елмен бірге еңсеріп шығатынымызға кәміл сенемін. Сондықтан халық болып, ел болып бұл шараларды қолдау басты міндетіміз. Біз осыған дейін де карантин мерзімін бастан өткерген ел ретінде бұл жолғы шектеуге үлкен жауапкершілікпен қарайтын болсақ жақсылық пен жарқындықты жақындата түсетін боламыз», - деді ол.

Университет басшысының атап өтуінше, осыған дейінгі болған карантин режимі ел халқының сырқатттануының алды алу барысында өте үлкен септігін тигізді. Егер Президентіміз дер кезінде шешім қабылдамағанда жағдай бұдан да күрделі, бұдан да қиын болар еді.

«Шектеулер қойылған күнде экономикаға орасан зор салмақ түсетіні белгілі. Бірақ біздің ел үшін ең алдымен халық денсаулығы, ұлттың амандығы бірінші орында. Иә, әлемде талай ел экономикасын әлсіретіп алудан қорқып қиын уақытта тиісті шара жасаған жоқ. Қазір олардың халі өте мүшкіл. Осы күнде олардың халқы жаппай қиналып қалды. Пандемияға шалдыққан адам санында есеп жоқ. Сондықтан біз байырғы бабаларымыз салып берген сара жолды ұстанған, бірлікке ұйыған ел екенімізді тағы да дәлелдей түсуіміз керек. Әсіресе түрлі әлеуметтік желілерде теріс пиғылды, екіұдай пікірге шақырушыларға ермеңіздер дегім келеді», - деді Ақылбек Күрішбаев.

Оның атап өтуінше, Мемлекет басшысы барынша сақтануымыз керек екендігін ескертіп, жұртқа қолайлы барлық шараларды жасап отыр. Халқымыз тек сабырлық танытып, Үкімет ұсынған талаптарды орындаса, әркім өзінің және жақындарының денсаулығына жауапты екендігін естен шығармаған жағдайда осы қиындықтар артта қалатын болады.

«Қазіргі таңда еліміздегі жоғарғы оқу орындары мектеп бітіруші түлектерге арналған емтихандарды қабылдады. Бұл жолы асқан жауапкершілікпен өткен шара өте жоғары деңгейде болды. Емтихан қабылдаушы мамандар мен қызметкерлер ерекше жағдайларда төзімділік танытты. Бұл үшін алғыс айтуымыз керек. Сонымен қатар оқу орындары қазір өз түлектеріне диплом табыстау науқанын өткізуде. Осы жылғы бұл салтанатты рәсімдер онлайн түрде өтуде. Әрине, түлектерімізге өз дипломдарын салтанатты табыстау біз үшін де үлкен қуаныш болар еді. Бірақ қазіргі уақыт жағдайын ескере отырып, біз барша түлектеріміздің қуанышына ғаламтор желісі арқылы ортақтасудамыз. Мен жағдайды түсіндіріп, бізге қолдау көрсетіп отырған барша түлектерге шын көңілмен алғыс айтамын», - деді ол.

Сонымен қатар Ақылбек Күрішбаев қазіргідей алмағайып заманда көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар мен еліміздің зиялы қауым өкілдерін Мемлекет басшысы мен ел Үкіметі каблдаған шараларды қолдауға шақырды.

«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазір той тойлайтын заман емес ой ойлайтын заман« деп нақты айтты. Түсінгенге бұл уақытында айтылған сөзі. Сондықтан барша қазақстандықтарды сабырлы және төзімді болуға шақырамын. Өз денсаулығымыз ең алдымен өз қолымызда екенін естен шығармауымыз керек», - деді С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры.


Жоғары қарай