Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Бүкіләлемдік қар күні: елордалықтар қыс фестивалін атап өтті

2020 жылдың 19 қаңтар 2020 16:40

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін бас қалада «Бүкіләлемдік қар күні» фестивалі аясында балалар мен жасөспірімдер арасында шаңғы фестивалі ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шараның басты мақсаты – бұқаралық спортты дамыту, екінші мақсаты – балаларға қысқы мереке ұйымдастыру. Оның үстіне біздің алдымызда бұқаралық спорт түрін 30 пайыздан асыру мақсаты тұр. Осы орайда бүгінгі бүкіләлемдік қар күні фестивалі қарсаңында балалар мен жасөспірімдер арасында шаңғы жарысын ұйымдастырдық. Биылғы бәсекенің ауқымы кеңейіп жатыр. Себебі фестивальге басқа өңірлерден қатысушылар қызығушылық танытуда. Атап айтсам, Ақмола облысы, Қарағанды және Қостанай облыстарынан арнайы келген шаңғышылар бар», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбекұлы.

Оның айтуынша, шаңғы жарысына қатысушылардың ең үлкені 18-де болса, ең кішісі 2 жаста. Және жарыста 200-ге жуық бала мен жасөспірім өз бағын сынады.




«Бүкіләлемдік қар күні әлемнің 45 елінде аталып өтіледі. Нұр-Сұлтан қаласында бұл шара осымен 7 рет ұйымдастырылып отыр. Бұл бір жағынан бұқаралық спортты дәріптеу болса, екінші жағынан демалысты қызықты әрі пайдалы өткізу. Оның үстіне бұл отбасылық шара болып табылады. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда жарысқа қатысушыларға шаңғы, бәтеңке, таяқ тегін берілді. Жарыстың ережесіне келсек, алты және одан кіші жастағы ең кішкентай қатысушылар шаңғымен 120 метр жүгіріп өтті, ал 16-18 жас аралығындағы ұлдар 5 шақырым қашықтықты бағындырды, сол жастағы қыздар 3 шақырымда бақтарын сынады», - дейді ол.

Сондай-ақ, ұйымдастырушылардың айтуынша, шара аясында көңілді жаттығу, дискотека және қысқы ойын түрлері ұйымдастырылды. Жарыс соңында жеңімпаздарға бағалы және естелік сыйлықтар табыс етілді.








Автор Әли Ибраев
Басты сөздер: Нұр-Сұлтан, Спорт,
Жоғары қарай