Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Бухарестте Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған отырыс өтті

2021 жылдың 26 ақпан 2021 21:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Венгрия астанасы Бухарестте Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған бірқатар іс-шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биыл Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қазақстан Елшілігі Румыния Парламенті депутаттары мен Сыртқы істер министрлігі басшылығының, сондай-ақ елінің ғылыми және сарапшылық орталары, бизнес-қоғамдастықтары мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен онлайн форматта дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Өз сөзінде Елші Нұрбах Рүстемов бұл мерейтой барша Қазақстан халқы үшін маңызды екенін айтып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың заманауи мемлекет құрудағы басты рөлін атап өтті.

Сонымен бірге, ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстандағы жан-жақты саяси реформаларды жүзеге асыру жөніндегі бастамасының негізгі рөлін атап өтті. Атап айтқанда, саяси партиялар құру үшін тіркеу кедергісін төмендету, партиялық тізімдерге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізу, Парламент Мәжілісінде орын алу шегін 7%-дан 5% - ға дейін төмендету, жала жабуды декриминализациялау және тағы басқалары.




Өз кезегінде, дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстанды айтулы мерейтоймен құттықтап, халқымызға табыс пен бақ-береке тіледі.

Румынияның бұрынғы Президенті Эмиль Константинеску Қазақстанға алғашқы сапарын және Елбасымен кездесуін жылы лебізбен еске алды, сондай-ақ тарихи өлшем бойынша қысқа мерзім ішінде біздің мемлекетіміздің дамуындағы қол жеткізілген прогресті жоғары бағалады.

Румыния Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Дан Некулаеску Қазақстан Румынияның Орталық Азиядағы негізгі әріптесі болып табылатынын және белсенді саяси диалог орнатылғанын атап өтті. Сонымен қатар, румын дипломаты Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссия қызметі аясында тиімді өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті (соңғы отырысы 2020 жылдың қазан айында өтті).

Румыния Заңнамалық кеңесінің президенті Флорин Йордаке Қазақстанда жүргізіліп жатқан қоғамды демократияландыру және жаңғырту жөніндегі реформаларды қолдады.

Парламенттің сыртқы саясат жөніндегі комитетінің төрағасы Биро Розалия, Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясы Комиссиясының вице-президенті, парламент депутаты Титус Корляцан және Румыния Парламентінің депутаты Михаил Албиштяну Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі рөлін жоғары бағалап, еліміздің халықаралық қоғамдастықты дамытуға қосқан лайықты үлесін атап өтті. Сонымен қатар, депутаттар Қазақстанға өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттаманың ратификациялануына байланысты қолдау білдірді. Сондай-ақ, олар екіжақты парламентаралық диалогты жаңдандыруға шақырды.

«ҚМГ Интернешнл» Бас директоры Бейімбет Шаяхметов қазақстандық компанияның табысты қызметі екі ел арасындағы жемісті экономикалық өзара іс-қимылдың айғағы болып табылатынын атап өтті.

Бухарест Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті Юлиу Стоклоза және Қазақстанның Румыниядағы Құрметті консулы Штефан Гадола елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың жоғары әлеуетін атап өтті.

Бухарест политехникалық университетінің ректоры Михня Костою Қазақстан мен Румыния жоғары оқу орындары арасындағы белсенді ынтымақтастыққа қанағаттанушылық білдірді. Сонымен қатар, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде румын тілі мен мәдениеті зерттелетініне назар аударды.

Дөңгелек үстел соңында қатысушылар Қазақстан-Румыния қарым-қатынастарының жай-күйі мен даму келешегі туралы пікір алмасты.

Атап айтқанда, биыл Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткізу жоспарланған екіжақты іс-шаралардың күн тәртібін талқылады (Құрманғазы ескерткішінің ашылуы, Қазақстанның кино және мәдениет күндерін өткізу, бизнес-форум, ғылыми-практикалық конференция ұйымдастыру және т.б.).








Жоғары қарай