Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Бүгінгі әкім сайлауында заңбұзушылық анықталған жоқ – Партиялық емес байқау орталығы

2021 жылдың 25 шілде 2021 17:05

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жергілікті өкілдері әкімдер сайлауында заңбұзушылық тіркелмегенін айтып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін ауыл әкімдерінің сайлауы өтіп жатыр. Барлық ауылда емес, тек әкімдердің өкілеттігі аяқталған ауылдарда ғана. Ал біз байқаушылардың жұмысын ұйымдастырдық. Байқаушыларды неғұрлым жергілікті тұрғындар арасынан тарттық. Олар бүгін байқаушы болғанымен, ертең сол ауылда қарапайым тұрғын ретінде өмір сүреді. Сондықтан сайлаудың бұрмалаусыз өтуіне мүдделі», - деп жазды Партиялық емес байқау орталығы ШҚО филиалының төрағасы Аяужан Әшімова Іnstagram парақшасында.

Осы орталық атынан №726 сайлау учаскесіндегі жағдайды бақылаған Анархан Қаблетова халықтың белсенді атсалысып жатқанын айтады.

«Дауыс беру жалғасып жатыр. Адамдар белсенділік танытып, өз таңдауын жасауда. Ешқандай құқық бұзушылық орын алған жоқ», - дейді Партиялық емес байқау орталығының өкілі.

Ақмола облысының Шортанды ауданында 9 елді мекеннің әкімі бүгінгі сайлау нәтижесінде белгілі болады.

«Шортанды ауданында бүгін төрт ауылдық округ – оның ішінде тоғыз елді мекенінің әкімдері тікелей сайлау арқылы анықталады. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, аудандағы 4 сайлау округінде 14 кандидат тіркелген. Оның ішінде 4 үміткер Nur Otan партиясының атынан түссе, 10 үміткер өзін-өзі ұсынған. Дауыс беру Новокубанка, Андреевка, Пригородный және Бозайғыр ауылдық округтерінде өтуде», - дейді Шортандыдағы бейтарап байқаушылар.

Партиялық емес байқау орталығының Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданындағы Өрел ауылдық округі бойынша байқаушысы Ақбота Шәкіртова дауыс беру әлі жалғасып жатқанын, ең бастысы, барлық санитарлық талаптар сақталғанын айтады.

«Сайлауда дауыс беру – әр адамның құқығы. Ел келешегіне бейжай қарамайтын азамат таңдау жасайды. Бұл сайлау басқа сайлауларға қарағанда өзгерек. Халық ауылдың әкімін өзі сайлайды. Егер үміткерлердің қай-қайсысына да көңілі толмаса, «Бәріне қарсымын» деген бағанға белгі қоюға мүмкіндігі бар. Ауыл тұрғындары өздері танитын үміткерге дауыс беріп жатыр», - деп жазды Мадияр Сейсекеев есімді бақылаушы.

Көкшетау қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев те сайлаушылардың арасында болып, халықпен сөйлесіп қайтқанын айтады.

«Халықтың белсенділігі өткен сайлауларға қарағанда едәуір артты. Сайлау күні ауыл тұрғындарының саяси өмірге белсенділігі, олардың ең алдымен өздерінің елді мекендерінің болашағына жауапкершілігікпен қарап, айқын таңдау жасайтынын мүлтіксіз аңғаруға болады. Өзінің 30 жылдық тарихында тәуелсіз Қазақстан Республикасы әлеуметтік-экономикалық жағынан бәйгеге кейін қосылса да, қанатты жүйрік тұлпардай біраз елдерді қуып жетіп, тіпті кейбіреулерінен озық тұратын жағдайға жетті. Осының бір айғағы ретінде жоғары деңгейде ұйымдастырылған бүгінгі өтіп жатқан саяси науқан – ауылдар мен ауылдық округтер әкімдерінің тікелей сайлауы», - деген қоғам қайраткері 2021 жылдың 25 шілдесі тарихта орны ерекше күн болып қалатынын айтты.

«Өйткені бұл күн – ауыл тұрғындары өз елді мекенінің келешегіне, адами қасиетпен болашаққа үлгі көрсетіп, қалаулысын деп тауып дауыс берген күн. Барлық сайланатын үміткерлерге сәттілік, егеменді елімізді дамыту жолындағы игілікті, ауқымды істеріне сәттіліктер тілеймін», - дейді ардагерлер кеңесінің басшысы.

Алматы облысының «Азаматтық Альянсы» қауымдастығының атынан №551 сайлау учаскескінде байқаушы болып қатысып жатқан Жұлдыз Темірбекова дауыс беру процесі барлық талаптарға сай өтіп жатқанын айтқан.

«Сайлау учаскесінің жұмысы қалыпты жүріп жатыр. Дауыс беру процесі барлық талаптарға сай жүргізілуін қадағалаймын және сіздермен сайлау учаскесіндегі жаңалықтармен бөлісіп отырамын», - дейді байқаушы.


Жоғары қарай