Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Бүгін Салық Зимановтың туғанына 100 жыл толды

2021 жылдың 19 ақпан 2021 09:46

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін (1921-2011) қоғам қайраткері, заң ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Республикасы Президентінің Бейбітшілік пен рухани келісім сыйлығының, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Салық Зимановтың туғанына 100 жыл толды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, 2019-2021 жылдарға арналған мерейтойлық және естелік күндердің тізбесіне сәйкес, Атырау облысы әкімдігінің қолдаухаты негізінде Мәдениет және спорт министрлігімен 2021 жылы С.Зимановтың 100 жылдығын мерекелеу бойынша толықтыру енгізіледі.

2021 жылы Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Орал қалаларының ЖОО халықаралық және республикалық маңызы бар ғылыми конференцияларды, оның ішінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті 2021 жылдың ақпан айында жас ғалымдар мен студенттердің халықаралық ғылыми конференциясын өткізуді, Атырау облысының әкімдігі мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында С.З.Зимановтың өмірі туралы деректі фильм түсіруді жоспарлап отыр.

Салық Зиманов Атырау қаласында туған. Бүкілодақтық заң институтын бітірген. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. 1944-1945 жылдары - дивизион, миномет полкі, артилерия полкі командирі болып, полковник шенімен әскери қызметтен босаған. 1946-1947 жылдары - Гурьев облыстық прокуратурасының тергеушісі, аға тергеушісі. 1947-1948 жылдары - Қазақ КСР Прокуратурасы жанындағы ерекше маңызды істер жөніндегі тергеуші. 1948-1952 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы құқық секторының аспиранты, аға ғылыми қызметкері, сектор меңгерушісі.

1952-1958 жылдары - Алматы мемлекеттік заң институтының директоры, Қазақ мемлекеттік университеті заң факультетінің деканы. 1958-1969 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Философия және құқық институтының директоры. 1969-1976 жылдары осы институттың бөлім меңгерушісі болған.

1976-1977 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Төралқасының бас ғылыми-хатшысы. 1992-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Мемлекет және құқық институтының бас ғылыми қызметкері. 1992-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Ардагерлер мен мүгедектер жөніндегі комитетінің төрағасы. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Конституциялық заңнама және адам құқығы жөніндегі комитетінің төрағасы. 1995-2005 жылдары - «Парасат» академиялық университетінің ректоры қызметтерін атқарған.

2005 жылдан - қазіргі қызметінде. Атырау облысының Құрметті азаматы. Зиманов «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның» жобасын дайындау жөніндегі комиссияны басқарып, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конститутциялық Заңның жобасын дайындау жөніндегі комиссияның жетекші мүшелерінің бірі болды. Ғалым 2001-2002 жылдары 1-ші және 2-ші томдары жарық көрген 10 томдық «Қазақтың ата заңдары» энциклопедиясына ғылыми жетекшілік жасаған. «Парасат», екі мәрте 1-ші дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз, Халықтар достығы ордендерімен, «Кавказды қорғағаны үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін» медальдарымен марапатталған.


Жоғары қарай