Ауа райы
Астана 25 °С
Алматы 31 °С
валюта бағамы
USD 409.19
EUR 461.24
RUB 5.67
CNY 58.26

Бүгін Қазақстанның ірі кәсіпорындары бір сағатқа электр энергиясын өшіреді

2020 жылдың 28 наурыз 2020 19:04

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның ірі кәсіпорындары «Жер сағаты» дүниежүзілік акциясына қатысып, бүгін сағат 20.30-21.30 аралығында электр энергиясын өшіретін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін Жабайы табиғат дүниежүзілік қоры ұйымдастырған жыл сайынғы «Жер сағаты« дүниежүзілік акциясы өтуде. Бұл, ғаламшардағы жаппай экологиялық акция болып табылады. Осы күні белгіленген уақытта әртүрлі елдердің адамдары бір сағатқа электр құралдарын және кез келген жасанды жарық көздерін ажыратады. Акцияның мәні – ғаламшар климатының өзгеруі проблемасына әлемдік қоғамдастықтың барынша назарын аудару, осы проблеманы шешу қажеттілігінің идеясына қолдау көрсету», - делінген ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінде.

Акцияға әлем бойынша 188 елдің екі миллиардтан астам адамы қатысып, 18 мыңнан астам архитектуралық ескерткіштердің жарығы сөнетін болады.

Биыл «Жер сағаты» 28 наурызда жергілікті уақыт бойынша сағат 20.30-дан 21.30-ға дейін өтеді.

Министрлiк республиканың 171 кәсіпорнын акцияны қолдауға шақырды. Олардың арасында нақты қолдау білдіргендері: «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Казцинк» ЖШС, «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ, «ҚазФосфат» ЖФ ЖШС, «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС, «Қазатомөнеркәсіп Сауран» ЖШС, «Қазахалтын» АҚ, «ССКӨБ» АҚ, «Қостанай минералдары» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ, «Теңізшевройл» ЖШС, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» «Қазақстан алюминийі» АҚ.

«Республиканың бей-жай қарамайтын барлық тұрғынын акцияға қатысуға шақырамыз. «Жер сағаты« командасының бір бөлігі бол!», - деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінен.


Жоғары қарай