Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Болат Тлепов Шымкент қаласының Азаматтық форумына қатысты

2020 жылдың 13 қараша 2020 10:41

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте белсенді азаматтық қоғамды қалыптастыру, өңірлік ҮЕҰ әлеуетін арттыру және үкіметтік емес сектор мен мемлекеттің өзара іс-қимылының жаңа форматтарын құру мақсатында ұйымдастырылған өңірлік Азаматтық форум ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іс-шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлепов, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ президенті Бану Нұрғазиева қатысты.

Азаматтық форумды ашқан вице-министр Болат Тлепов азаматтық қоғам институттарын дамытудағы диалог алаңының маңыздылығын атап өтті.

«Азаматтық форум жұмысының қорытындысы - билік пен ҮЕҰ арасындағы серіктестік қарым-қатынастарды орнатуға және дамытуға нақты ықпал етеді. Біздің бірлескен қызметіміздің басты бағыты қоғамның әлеуметтік маңызды проблемаларын шешу болып қала береді. Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы қабылданды, ол азаматтық қоғам институттары мен билік органдарының өзара іс – қимылы саласындағы негізгі міндеттер мен басымдықтарды айқындайды»,- деп атап өтті вице-министр.

Қазіргі уақытта үкіметтік емес ұйымдарды кәсібилендіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, «ҮЕҰ Академиясы» жобасы іске асырылуда, оның аясында азаматтық сектор көшбасшылары даярланып, қоғамдық бірлестіктердің кәсіби дағдылары дамитын болады.

Вице-министр өз сөзінде қаланың үкіметтік емес сектордың даму динамикасындағы негізгі табыстарына назар аударды. Шымкент қаласында жергілікті қоғамдастықты дамытудың негізгі драйвері «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылатын Smart-City тұжырымдамасы болып табылады.

Естеріңізге сала кетсек, «Қоғам және мемлекет: «Birgemiz» серіктестігі мен дамуының 30 жылы» атты өңірлік азаматтық форумдар 2020 жылғы 23-27 қарашада өтетін Қазақстанның IX Азаматтық форумы қарсаңында өткізіледі.




Еліміздің қоғам қайраткерлерінің қатысуымен өтетін дәстүрлі іс-шара биыл жаңа форматта ұйымдастырылады. Қатысушылардың қауіпсіздігін қорғау мақсатында Азаматтық форум онлайн режимге көшірілді, ал делегаттарға ыңғайлы болу үшін мазмұнды бағдарлама бес күнге созылады.

Айта кеткен жөн, Азаматтық форум - бұл ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен 2003 жылдан бері әрбір екі жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі сұқбат алаңы.


Жоғары қарай