Ауа райы
Астана -26 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Бокстан Қазақстан чемпионаты: Жартылай финалға шыққан қыздардың есімі белгілі болды

2020 жылдың 26 қараша 2020 20:51

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкент қаласында бокстан өтіп жатқан Қазақстан чемпионатында 48, 54 және 57 келіге дейінгі салмақта жартылай финалға шыққан қыздардың есімі белгілі болды. Ал ерлер арасында бүгін 49, 60, 69, 81 және 91 келіге дейінгі салмақтағы боксшылар келесі кезеңге өту үшін шаршы алаңға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

49 келіге дейінгі салмақта жартылай финалға шыққан алғашқы боксшы - ақмолалық саңлақ, Қазақстанның бес дүркін чемпионы, Азия және WSB чемпионы Теміртас Жүсіпов. 32 жастағы боксшы өз қатарындағы ең тәжірибелі спортшы, себебі оның осы спортта келе жатқанына 10 жылдай уақыт болған. 2018 жылдың қорытындысы бойынша Жүсіпов ең үздік боксшы атанғанын да айта кету керек.

2016 жылғы әлем чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спортшысы, ақмолалық Дина Жоламан 54 келіге дейінгі салмақта құрбысы Рано Пархатовадан басым түсіп, жартылай финалға жолдама алды. Келесі айқаста оны қызылордалық Дәметкен Келімбет күтіп тұр. Бұл салмақта бас жүлдеге басты бәсекелестердің бірі ретінде алматылық Балауса Мұздыманды атап өтуге болады.

Елордалық боксшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия ойындарының чемпионы атанған 29 жастағы Ілияс Сүлейменов 60 келіге дейінгі салмақта алматылық Мұхаметжан Балтабайды жеңіп, ¼ финалға шықты. Сүлейменовке қарсы бұл салмақта шашасын шаң жұқтырмай жастар арасындағы Азия чемпионы Саматәлі Төлтаев келе жатыр.

69 келіге дейінгі салмақта Токио Олимпиадасына жолдама алған Абылайхан Жүсіпов ¼ финалға шықты. Қарағандылық боксшы дүркін-дүркін шабуылымен ақмолалық Сабыржан Бекбергеновты сүріндірді. Келесі жекпе-жекте Абылайхан жастар арасындағы Азия чемпионы Дархан Дүйсебаймен қолғап түйістіреді. Дархан бұған дейінгі қарсыласын үш рет ногдаунға жіберген болатын. Алматылық боксшының жасы 19-да ғана.

Жамбылдық Асыланбек Шымбергенов шығысқазақстандық Азамат Ибраимовты жеңіп, ¼ финалға жолдама иеленді. Шымбергенов – 69 келіге дейінгі салмақта чемпиондыққа басты үміткердің бірі.

Жастар арасындағы әлем чемпионы Нұрбек Оралбай Шығыс Қазақстан облысының спортшысы Артем Востриковты жеңіп, Қазақстан чемпионатының ¼ финалына өтті. 81 келіге дейінгі салмақта ең мықты қарсылас және сөзсіз көшбасшы - 2019 жылғы әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов. Маңғыстаудың тумасы өзінің рейтингіне байланысты бастапқы жекпе-жектерге шыққан жоқ, тек ширек финалда Атырау облысынан келген Амандық Манашевпен кездеседі.

Нұрбектің егізі 91 келіге дейінгі салмақтағы Айбек Оралбайдың қарсыласы жарыстан бас тартты. Соған қарамастан, ауыр салмақтағы спортшылардың айқасы іш пыстырған жоқ. Қостанайлық Михаил Коханчик пен 20 жастағы үш дүркін Азия чемпионы, астаналық команданың мақтанышы Сағындық Тоғамбай нағыз тартысты айқасты өткізді. Олардың бәрі де ширек финалға шықты.

















Автор Аян Бекенұлы
Басты сөздер: Спорт, Бокс, Шымкент,
Жоғары қарай