Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Бокстан әлем чемпионы ақмолалық оқушыларды өзін-өзі қорғауға үйретіп жүр

2021 жылдың 13 қыркүйек 2021 13:21

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау қалалық №2 мектеп-лицейінің базасында ақмолалық полицейлер ұйымдастырған қоян-қолтық ұрыс және өзін-өзі қорғау сабақтары секциясы жұмысын қайта бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аумақтық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, үйірме жұмысы ведомство басшысы, полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзиннің бастамасымен қайта жанданған.

«11 қыркүйекте Көкшетау қаласының №2 мектеп-лицейінде қоян-қолтық ұрыс және өзін-өзі қорғау сабақтары секциясы өз жұмысын қайта бастады. Жаттығуды танымал спортшы, Ақмола облысы полиция департаменті Жедел әрекет етудің арнайы отрядының инспекторы, полиция капитаны Нұрсұлтан Қосшығұлов (бокс және қоян - қолтық ұрыс бойынша спорт шебері, Қазақстан Республикасы чемпионатының финалисті және жүлдегері (2011, 2014, 2015, 2017 жылдар), «Astana Arlans» клубы құрамындағы WSB Бүкіләлемдік бокс сериясының әлем чемпионы, Албания, Польша, Ресей және Қазақстан Республикасындағы халықаралық турнирлердің жүлдегері) жүргізеді», - деді ведомствоның баспасөз хатшысы Әсем Әбдікәрімова.




Айта кетсек, секция жұмысы өткен жылы басталып, карантиндік шараларға байланысты тоқтатылған болатын. Енді міне, қайта жанданып отыр.

Мұндағы мақсат - полицейлердің оқушылардың бойында отансүйгіштікті тәрбиелеуге және нығайтуға қатысуы, дені сау жас ұрпақты тәрбиелеу, оқушыларға спортқа деген сүйіспеншілікті сіңіру.




«Үнемі физикалық белсенділік балалардың иммунитетін жақсартады, әртүрлі ауруларға төзімділікті арттырады. Жаттығулар бұлшықеттерді, тірек-қимыл жүйесін дамытады және артық салмақтан арылтады. Сондай-ақ, спорт жүрек-тамыр және тыныс алу жүйелеріне оң әсер етеді. Мінезді шыңдайды, тәртіпті, баланың ерік-жігерін қалыптастырады», - дейді полиция капитаны, жаттықтырушы Нұрсұлтан Қосшығұлов.

Алғашқы жаттығуға түрлі жастағы 20-ға жуық оқушы қатысты, олардың арасында қыздар да бар.

Балалар жаттықтырушы берген тапсырмаларды ынтамен орындады. Спорт шебері Нұрсұлтан Өмірбекұлы балалармен танысып, жаттығу өткізді.




«Жаттығулар апта сайын сенбі күндері сағат 10-нан 12-ге дейін тегін өткізіледі. Секцияға 9 жастан 15 жасқа дейінгі оқушылар қатыса алады. Ақмола полицейлері өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтуға өз үлестерін қосуға қуанышты», - деп қосты Әсем Әбдікәрімова.


Жоғары қарай