Ауа райы
Астана 13 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Блокпостағы жол апаты: Аман қалған полицей оқиғаның қалай болғанын айтып берді

2020 жылдың 25 қыркүйек 2020 18:51

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы облысында BMW көлігімен блокпосты қиратып, 2 полиция қызметкерінің өліміне себепкер болған жүргізушіге қатысты сот жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Азат Азаматовқа қатысты істі Қарасай аудандық сотының судьясы Мәди Көшекбаев қарап жатыр.

Бүгін сотта апаттан зардап шеккен 26 жастағы полиция қызметкері, капитан Ербұлан Сейдазымнан түсінік алынды.

Жауап алу кезінде ол сотталушыны танымайтынын мәлім етті. Айтуынша, 24 мамыр кешкі сағат 20:00-де ол кезекшілікке келген. Оқиға таңғы сағат 5-те болған. Ол осы блокпостқа жауапты болғандықтан, көлік қозғалысын қадағалаған. Көлік соқтығысқан кезде Еркебұлан Сейдазым көшеде өтіп жатқан көліктерді планшетпен базадан тексеріп тұрған.

«Блокпоста 12 полиция қызметкері болды. Менің міндетім - оларды 20 минут сайын тексеріп отыру. Апат таңғы сағат бесте болды. Ала-құла қараңғы кез болатын. Көліктердің саны арта бастады. Мен әріптесіме планшет алып келу үшін шатырға кірдім. Сол сәтте жоғары жылдамдықпен ұшып келе жатқан көлікті көрдім, «бетон қоршау бар, ол тоқтайды» деп ойладым. Ары қарай ештеңе есімде жоқ. Бір аптадан кейін, 2 маусымда мен ауруханада есімді жидым. Сол кезде бір-ақ білдім не болғанын «, - дейді Ербұлан Сейдазым.

Полицей моральдық зардапты өтеу туралы талап арызға қатысты әлі ойланатынын айтты.

Еске сала кетейік, біз бұған дейін Азат Азаматовтың өз кінәсін толық мойындағанын жазған болатынбыз.

Бұған дейін қаза болған Дастан Әбдіқановтың әйелі Динара Аман апатқа кінәлі адамнан моральдық зиян келтіргені үшін 37 млн теңге өтемақы талап еткен болатын.

Куәгерлерден жауап алу жалғасып жатыр.


Автор Алма Мұқанова
Басты сөздер: Оқиға, Алматы, Заң, Көлік,
Жоғары қарай