Ауа райы
Астана 20 °С
Алматы 19 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

БҚО-ның екі балабақшасында 2 қызметкерден коронавирус анықталды

2020 жылдың 25 мамыр 2020 13:14

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда екі балабақшаның 2 қызметкері коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев брифингте мәлім еткеніндей, аталған екі балабақша жабылып, науқастармен байланыста болғандар медициналық бақылауға алынды.

Айта кетейік, бүгінде облыста індетті жұқтырғандар саны 414-ке жетті. Оның 15-і – 14 жасқа дейінгі балалар. 23 мамыр күні 16 науқас тіркеліп, өсім 4,3 пайыз болды. Ал 24 мамырда бір күнде 28 сырқат анықталып, өсім 7,2 пайызға артты.

Науқастардың 252-сі сырттан (Ресей мен Атыраудан) келгендер болса, 162-сі – бұрын ауырғандармен қарым-қатынас жасағандар. Соның ішінде 64-і денсаулық сақтау мекемелерінде анықталса, бесеуі – полиция қызметкерлері. Сондай-ақ Орал қаласында білім бөлімінде 2 адамның, оқу орталығында мұғалім мен шәкірттің, блокпостта және мемлекеттік кірістер департаментінде бір-бір қызметкерден сырқаттанғаны белгілі болды.

Ақжайық ауданында – 7, Бөрліде – 7, Тасқалада – 11, Бәйтеректе – 5, Сырымда – 5, Теректіде 2 адам тіркелді. Оған қоса Жәнібек ауданында екі адам жаңадан қосылды. Мұның біреуі – Қамысты ауылында тұратын, жеке дүкені бар кәсіпкер. Ол тауар тасымалдау үшін Оралмен екі ортада жүріп-тұрған. Тағы бір адам – Борсы ауылының тұрғыны. Атырау облысындағы Теңіз кенішінен келген одан алынған сынама теріс нәтиже көрсеткеннен кейін үйінде оқшауланған. Алайда көп ұзамай дене қызуы көтеріліп, ауру белгілері байқалған. Қазіргі кезде науқастармен қарым-қатынаста болғандар анықталып, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Жәнібек аудандық бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес Қамысты және Борсы ауылдық округтерінде карантин жарияланатын болады.

«Күні бүгін 342 адам облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында, провизорлық және карантиндік стационарда жатса, 1134 адам үйлерінде оқшауланған. Осы кезге дейін 226 адам емделіп шықты. Өңірде 15 маусымға дейін ұзартылған карантиндік шектеу шараларының жеңілдетілуі немесе күшейтілуі алдағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты болмақ», - деді Н.Мұстаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында балабақшалардың жұмысы қайта тоқтатылғанын, үш адамның жансақтау бөлімінде жатқанын, Қарашығанақ кенішінде карантин жарияланғанын жазған болатынбыз.

Оралдық дәрігер коронавирусты өз басынан өткізіп, оның қауіпті екендігін мәлім еткен еді.


Жоғары қарай