Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

БҚО-да жиналыс, конференцияларды дәстүрлі сипатта өткізуге рұқсат берілді

2022 жылдың 28 қаңтар 2022 21:20

ОРАЛ. ҚазАқпарат – БҚО бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 28 қаңтардағы жаңа қаулысы шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, қашықтан өткізу мүмкіндігі болмаған жағдайда карантин талаптарын сақтай отырып, жиналыс, кеңес, семинар, конференцияларды дәстүрлі сипатта өткізуге рұқсат берілді.

Жалпы білім беретін мектептерде 1-4 сыныптар (халықаралық мектептерде 1-6 сыныптар), оқушы саны 600-ден аспайтын білім ордаларында балалар штаттық режимде оқиды.

Оқушы саны 600-ден астам мектептерде жобалық қуатының 50 пайызынан аспайтын жүктемемен штаттық режимде білім алады.

Мектептен тыс ұйымдар штаттық режимде жұмыс істейді.

Колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерін оқыту аралас форматта: практикалық, зертханалық, семинар сабақтары, өндірістік практика – икемді кесте бойынша штаттық режимде, дәрістер – онлайн.

Білім беру ұйымы әкімшілігінің қалауы бойынша вакцинациялаудың толық курсын алған оқушыларды штаттық режимде оқытуға жол беріледі.

Орта білім беру ұйымдарында, колледждерде, ЖОО-ларда карантин режимін бұзу анықталған жағдайда білім алушылардың барлығы қашықтан оқытуға көшіріледі.

«Ashyq»жобасына қатысатын нысандарды қоспағанда, ойын-сауық, ұжымдық, отбасылық, естелік іс-шараларды, оның ішінде үйде (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар және т.б.) және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге және оларға қатысуға бұрынғыша тыйым салынады.

Басқа да карантиндік шектеу шаралары сақталады.

Қаулы 28 қаңтардан бастап күшіне енді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 431 оқушы, 178 мұғалімнен коронавирус анықталғанын, инфекциялық стационарлар саны 13-ке жеткенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Батыс Қазақстанға 3 мың доза «Спутник Lite» вакцинасы жеткізілді.






Жоғары қарай