Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

БҚО-да пара алған полиция қызметкеріне 7,5 млн теңге айыппұл салынды

2022 жылдың 28 сәуір 2022 13:20

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қалалық сотында Ақжайық ауданы полиция бөлімі бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Артур Абулхаировқа қатысты үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО сотының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, А.Абулхаиров ҚР ҚК 24-бабы 3-бөлігі - 190-бабы 3-бөлігі 2-тармақшасына сәйкес айыпты деп танылып, оған параның 15 есе еселенген көлемінде 7,5 млн теңге айыппұл салынды.

Сонымен қатар ол мемлекеттік қызметте және басқа органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Полиция майоры шенімен де қош айтысты.

Сот талқысында мәлім болғанындай, биылғы 5 ақпанда Чапаев-Жалпақтал автожолында Н.Яворский айдап келе жатқан «ГАЗ-2752» автокөлігі тоқтатылған. Жүргізушіден арақ исі шығып тұрған әрі тексере келгенде, ол көлік жүргізу құқығынан айырылған болып шықты.

Н.Яворскийге қатысты ҚР ҚК 346-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталған. Ол медициналық куәландырудан бас тартқаннан кейін автокөлік арнайы тұраққа қойылып, өзі Ақжайық полиция бөліміне жеткізілген.

Аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары А.Абулхаиров қызмет бабын пайдалана отырып, пайда табу мақсатымен Н.Яворскийге аталған қылмыстық іс бойынша белгілі бір көлемде сыйақы берген жағдайда оң шешім шығаруға мүмкіндік бар екендігін жеткізген. Сосын істі қарап жатқан тергеуші М.Орынғалиұлына жүргізушінің қанында алкоголь бар екендігін анықтау үшін қан үлгісін алу жөнінде ауызша нұсқау берген.

7 ақпанда А.Абулхаиров анықтаушы М.Хамзинге қылмыстық іс материалдарын қабылдап, қан үлгісіне қатысты сот химиялық-токсикологиялық және наркологиялық сараптама тағайындауды тапсырған. Кешкісін Абулхаировтың талап етуімен Яворский оның кабинетіне келген. Полиция қызметкері қылмыстық істі тоқтатып, автокөлікті арнайы тұрақтан алу үшін 500 мың теңге көлемінде пара талап еткен. Басқа мүмкіндігі жоқтығын сезінген Яворский бұл заңсыз талапқа келіскен.

Абулхаиров 10 ақпан күні сот химиялық-токсикологиялық сараптамаға сәйкес Яворскийдің қанында спирт болмағандықтан, қылмыстық іс қысқартылуға жататынын біле отырып, бажасы А.Иманғазиевке айыпталушымен кездесіп, 500 мың теңгені алуды өтінген. Алайда А.Иманғазиев кездескен кезде Н.Яворский талап етілген қаржыны жинай алмағанын айтқан. Бұдан кейін де А.Абулхаиров ақша талап етуін қоймаған. 12 ақпан күні А.Иманғазиев А.Абулхаировқа беру үшін Н.Яворскийден 500 мың теңгені алып, БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлерінің қолына түскен.

Осылайша, А.Абулхаиров қылмыстық ой-әрекетін өзіне қатысты емес жағдайлар бойынша аяғына дейін жеткізе алмаған.

Басты сот талқысында А.Абулхаиров кінәсін мойындап, бастапқыда ақша алу ойында болмағанын, тек сараптама қорытындысы шыққаннан кейін Яворскийді алдауға бекінгенін жеткізді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралдағы көші-қон полициясының бастығы пара алды деген күдікке ілінгенін жазған болатынбыз.




Жоғары қарай