Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

БҚО-да пара алған мемлекеттік қызметшіге 8,8 млн теңге айыппұл салынды

2020 жылдың 21 наурыз 2020 18:52

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында пара алған мемлекеттік қызметшіге 8,8 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінен түскен мәліметке қарағанда, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Д.Өтегенов ҚР ҚК 336-бабы 2-бөліміне сәйкес айыпты деп танылды.

Орал қалалық сотының үкімімен ол сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енді.

Қылмыстық іс құжаттарына сәйкес Д.Өтегенов 2019 жылдың қазан айында Қазталов және Жаңақала аудандарында облыстық маңызы бар жолдарды ағымдағы жөндеу және күтіп ұстау бойынша орындалған жұмыстар актілеріне қол қою арқылы ЖШС өкілінен 220 мың теңге пара алған.

Өзінің қызмет бабын пайдаланған бас маман мердігерлерден ай сайын сыйақы талап еткен.

Ақыры өткен жылдың 18 қазанында кезекті пара кезінде ұсталған Д.Өтегеновтің әмиянынан 1,29 грамм марихуанаға ұқсас зат та табылды.

Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес ол есірткіге елтіген мас күйінде болған.

Бұл дерек бойынша ҚР ҚК 296-бабы 2-бөлігіне (өткізу мақсатынсыз есірткі заттарын заңсыз иемдену) сәйкес қылмыстық іс тергеу үшін БҚО полиция департаментіне жолданды.

Сонымен қатар қылмыстық құқықбұзушылық жасауға ықпал еткен жағдайларды жою жөнінде шаралар қабылдау мақсатында облыс әкімі аппаратына ҚПК-нің 200-бабы тәртібімен тиісті ұсыным жіберілді.

Тиісті бақылаудың жоқтығы және қарауындағы қызметкерлермен алдын алу жұмыстарының жеткіліксіздігі үшін БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшылығын тәртіптік жауақа тарту туралы мәселені қарастыру ұсынылды.


Жоғары қарай