Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

БҚО-да құс тұмауының алдын алу шаралары жүргізілуде

2020 жылдың 23 қыркүйек 2020 21:54

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында құс тұмауының алдын алу шаралары жүргізілуде. Бұл туралы БҚО ТЖ департаментінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Қазыбек Ташимовтің айтуынша, құс тұмауы – жұқпалы індет.

Тұмау жабайы және үй құстарына, одан адамға жұғуы мүмкін. Жабайы құстар, әсіресе, суда жүзетін үйрек, қаздар індеттің таралу көзі болып табылады. Үй құстары ішінде тауықтар мен күрке тауықтар тез жұқтырып, жаппай қырылып қалады.

Қазіргі кезде еліміздің төрт облысында құс тұмауы тіркелді. Қарағанды өңірінен алынған сынамаға зерттеу жүргізілуде.

Қ.Ташимовтің сөзіне қарағанда, Батыс Қазақстан облысында 1 қыркүйектегі ресми мәліметке сәйкес 1,6 млн астам құс болса, соның 1,1 млн астамы агроқұрылымдарда ұсталуда.

Өңірде құс өсірумен «Жайық құс» ЖШС, «Ақас» агрофирмасы» ЖШС ( екеуі де Бәйтерек ауданында), «Орал құс фабрикасы» ЖШС (Орал қаласы) айналысады.

«Биыл Бәйтерек ауданындағы құс фабрикаларында жоғары патогенді құс тұмауына қарсы 111,8 мың құсты егу жоспарланып, бұл жұмыстар жалғасуда. Тамыз айында Ресейдің Омбы облысында құс тұмауының тіркелуіне байланысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінен Орал қаласындағы фабрика құстарын егу үшін қосымша 80 мың екпе сұратылды. Облыс құстарының басым көпшілігін вакцинациялау үшін тағы да екпеге сұраныс жіберіледі», деді Қ.Ташимов.

Құс ұстайтын жеке тұлғалар ветеринарлық-санитарлық талаптарды қатаң сақтауы тиіс. Атап айтқанда, үй құстарының жабайы, әсіресе, суда жүзетін құстарға қосылуына жол бермеу, аулада ұстау қажет болған жағдайда мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық инспектордың нұсқауы бойынша жабық түрде ұстауға көшіру қажет. Құстың ауруы және өлу жағдайы болса, оны қозғамай, тиісті орынға дереу хабарлау керек. Сондай-ақ үй құстарын жабайы құстар жүретін көлдердің маңайынан радиусы 5 шақырым көлемінде жіберуге тыйым салынады.

БҚО ТЖ департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашев құс тұмауының алдын алу үшін сақтық шараларын күшейту қажеттігін атап өтті.

«Ол үшін иммундық жүйені нығайтып, таза ауада көбірек серуендеп, үйде тазалық сақтау керек. Аурудың алдын алу үшін дәрумендер мен вирусқа қарсы препараттарды қабылдау артықтық етпейді. Сонымен қатар кәдімгі маусымдық тұмауға қарсы егілу асқынуды бәсеңдетуге септеседі және ағзаны қалпына келу мүмкіндігін арттырады. Тамақты қолданар алдында жұмыртқаны, құс етін әбден қайнатқан жөн. Егер ауырған немесе өлген құспен байланыстан кейін тұмаудың алғашқы белгілері пайда болса, дереу дәрігерге жүгіну қажет», деді Ж.Жұмашев.

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың айтуынша, құс тұмауының адамнан адамға жұғуы әзірге тіркелген жоқ.

Вирус адам мен жануарға жабайы және үй құстарының сілекейі және нәжісі арқылы жұғады. Сондай-ақ ауру құсты сойған және етін өңдеген кезде, құс базарына барған кезде жұғуы ықтимал. Құс тұмауы ауа арқылы тарайды. Сондықтан өлген құсқа жақындамау керек.

«Ауру тез асқынып, ауыр өтеді, вирусты пневмония мен ішкі органдардың асқынуына соқтыруы мүмкін. Белгілері көптеген ауруға ұқсас: адамның іші өтіп, қызуы көтеріледі, құсып, іші мен кеуде тұсы ауырады, конъюктивит болып, мұрны мен қызыл иегінен қан ағады. Құс тұмауы, әсіресе, балалар үшін қауіпті. Өйткені ауылдық жерде көбінесе құсты балалардың күтетіні белгілі. Сондықтан сақтық шараларын еш ұмытпау қажет», деді Н.Мұстаев.


Жоғары қарай