Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

БҚО-да коронавирусқа қарсы 180 мыңнан астам адамды егу жоспарлануда

2021 жылдың 22 қаңтар 2021 16:03

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавирусқа қарсы 180 мыңнан астам адамды егу жоспарлануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың айтуынша, өңірде жоспарға сәйкес дайындық жүргізіліп жатыр.

Коронавирусқа қарсы бірінші кезекте жұқпалы аурулар стационары, жедел жәрдем, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары, полиция, білім беру және медицина саласының қызметкерлері егіледі.

Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, ақпан айында Ресей Федерациясында жасалған «Спутник V» вакцинасын егу басталады. Екпе екі рет жасалады. Яғни алғашқы рет егілген кезде адамның коронавирусқа қарсы иммунитеті жартылай, 21-інші күні екінші рет салынғанда толық қалыптасады.

Сонымен қатар Қазақстанда «Kazcovid-in» вакцинасы бірінші және екінші кезеңде сынақтан өтті. Үшінші кезеңнен сәтті өтсе, оны да егу көзделіп отыр.

«Екпе ерікті түрде жасалады. Ешкімді мәжбүрлемейді. Адам егілер алдында медицина қызметкерінен қандай вакцина екенін, оның қалай әсер ететінін сұрап, толық біліп алуға, сондай-ақ жасатудан бас тартуға құқылы», деді Н.Мұстаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жыл басынан бері мыңға жуық адамнан коронавирус табылғанын жазған болатынбыз.


Жоғары қарай